"Әкем 78 жасында мені сүйген": Қуандық Қыстақбаев отбасы туралы күтпеген шындықты айтты

"Әкем 78 жасында мені сүйген": Қуандық Қыстақбаев отбасы туралы күтпеген шындықты айтты
Фото-коллаж: видеодан скриншот/ ЖИ арқылы өңделген

Белгілі актер Қуандық Қыстақбаев әкесінің жасы ұлғайған шағында дүниеге келгенін айтып, көпшілік біле бермейтін отбасылық тарихымен бөлісті. Өнер иесі бұл туралы Ләйлә Сұлтанқызына берген сұхбатында әңгімеледі, деп хабарлайды ult.kz.

Актердің айтуынша, әкесі оны 78 жасында сүйген. Ол әкесінің екінші әйелінен туғанын да жасырмады. Қыстақбаев сұхбат барысында ата-анасының қалай шаңырақ көтергенін және отбасы бастан өткерген қиындықтарды еске алды.

"Әкемнің 78 жасында дүниеге келдім. Таңдайымды көтеріп қояйын, рас айтамын. Екінші әйелінен боламын. Бірінші әйелі он шақты құрсақ көтерген ол кісі де", – деді актер.

Өнер иесінің сөзінше, әкесінің алғашқы жары бірнеше бала босанғанымен, олардың көбі шетінеп кеткен. Кейін бес-алты жасқа толған қызы бар кезде әйелі өмірден өткен. Арада бір жыл өткен соң әкесі Қуандық Қыстақбаевтың анасымен шаңырақ көтерген. Ол кезде болашақ актердің анасы небәрі 16 жаста болған.

"Сосын бір жылдан кейін менің шешемді 16 жасынан алады. Сөйтіп ол кісіге 10-12 құрсақ көтертеді, 1972, 1974 жылғы ағам бар", – деп бөлісті актер.

Қуандық Қыстақбаев әкесі өмірден өткенде өзінің он жаста болғанын да айтты. Сол кезде әкесі 88 жасқа келген екен.

"Бәрі тоқалдың баласы шығарсың деп айтады. 88 жасында, мен 10-да болғанда қайтыс болды", – деді ол.

Актер сұхбат соңында әкесі мен анасының жас айырмашылығы туралы да сөз қозғады. Оның айтуынша, ата-анасының жас айырмашылығы 34 жыл болған.

Қуандық Қыстақбаев бұл жағдайды белгілі қаламгерлер Әкім Тарази мен Роза Мұқанованың отбасымен салыстырды.

Осылайша, актер көпшілікке бұрын айтыла бермеген отбасылық тарихын баяндап, балалық шағына қатысты естеліктерімен бөлісті.

Қуандық Қыстықбаев кім?

Қуандық Қыстықбаев – қазақстандық театр және кино актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Ол 1977 жылы 1 тамызда Алматы облысы Ұйғыр ауданында дүниеге келген.

1998 жылы Т. Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік театр және кино институтын тәмамдап, еңбек жолын Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрында бастаған. Өнер иесі театр сахнасында "Абай", "Қара қыпшақ Қобыланды", "Қарагөз", "Еңлік-Кебек" сияқты қойылымдарда түрлі рөлдерді сомдаған.

Көрерменге "Келін", "Жат", "Томирис" фильмдері және Қасым Қайсеновтің бейнесін сомдаған "Қасым" туындысы арқылы да танылды.

2015 жылы оған "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" құрметті атағы берілді, ал 2020 жылы Қалибек Қуанышбаев атындағы театрдың көркемдік жетекшісі қызметіне тағайындалды.