Қазақстандық өнер иелерінің арасында пластикалық хирургтің көмегіне жүгінгенін ашық айтқандар бар. Бірі қабағын түзетсе, енді бірі дене бітіміне өзгеріс енгізген, деп хабарлайды ult.kz.
Айгүл Иманбаева
Әнші әрі актриса Айгүл Иманбаева 2023 жылы қабағына блефаропластика жасатқанын әлеуметтік желіде жариялаған. Өнер иесі хирургтің көмегіне жүгінуге ұзақ дайындалып, ақыры шешім қабылдағанын айтқан.

“Блефаропластикаға бара жатырмын. Ақыры жасатуға бел будым”, – деген әнші.
Отадан кейін Айгүл Иманбаева оқырмандарына әсерімен бөлісіп, нәтижесін көрсететінін жеткізген.
Айқын Төлепберген
Айқын Төлепберген де қабағын түзеткенін жасырмаған. Әнші Тимур Балымбетовке берген сұхбатында 2021 жылдың қысында блефаропластика жасатқанын айтқан.

Оның сөзінше, уақыт өте қабағы төмен түсе бастаған. Сондықтан маманның кеңесіне құлақ асып, ота жасатуға келіскен. Хирургиялық түзетуді өзінің жақын досына сеніп тапсырған.
“Қабағым түсіп кетіпті. Уақытында осылай көтеріп қойсаң дұрыс болады деген соң, жасаттым”, – деп түсіндірген өнер иесі.
Зарина Омарова
Зарина Омарова көзіне пластикалық ота жасатқанын Жетінші арнаның “Қыздар-ай” бағдарламасында айтқан. Әнші мұндай өзгерісті бұрыннан ойлап жүргенін жеткізген.

“Тек қана көзімді жасатамын дейтінмін. Өйткені көзім кішкентайымнан сықси болатын”, – деген ол.
Өнер иесі әлеуметтік желіде көзінің пішініне қатысты пікірлер жазылатынын да сөз еткен. Оның осы мәлімдемесі 2023 жылғы наурызда жарияланған.
Әлішер Кәрімов
Әлішер Кәрімов Асхат Садырбайға берген сұхбатында үстіңгі қабағындағы артық теріні алдырғанын баяндаған. Әншінің айтуынша, қабағы түсіп, ұйқыдан тұрған кезде беті шаршаңқы көріне берген.

Ол осы мәселені түзету үшін Санкт-Петербургтегі мамандарға жүгінген. Әнші ота шамамен 40 минутқа созылғанын айтқан.
Әлішер сұхбатта бұл өзгерісті өзі “пластикалық ота” деп атамағанымен, қабағына хирургиялық түзету жасалғанын ашық сипаттаған. Сондай-ақ сахнада жүрген адам үшін сыртқы келбетіне күтім жасау маңызды екенін жеткізген.
Луина
Луина кеудесін үлкейту үшін пластикалық ота жасатқанын өзі растаған. Әнші әлеуметтік желіде оқырмандарының пікірлеріне жауап беру кезінде 2018 жылы кеудесіне имплант қойдырғанын айтқан.

Өнер иесінің сөзінше, ол бұл қадамға бармас бұрын ұзақ ойланған. Кейін шешім қабылдап, ота жасатқан. Луина нәтижесіне көңілі толатынын да жасырмаған.