Мейрамбек Бесбаевтың 50 жас мерейтойында аукцион өткізіліп, саудаға қойылған домбыра 16 миллион теңгеге сатылды, деп хабарлайды ult.kz.
Той үстіндегі бәссаудаға қатысқан әнші Заттыбек Көпбосынұлы ұлттық аспап үшін осындай сома ұсынған. Нәтижесінде ең жоғары баға айтқан өнер иесі домбыраның жаңа иесі атанды.
Айта кетейік, Әнші Мейрамбек Бесбаевтың 50 жас мерейтойында кезінде АБК тобында бірге өнер көрсеткен Медеу Арынбаев, Қыдырәлі Болманов және Ерлан Көкеев бас қосты.
Заттыбек Көпбосынұлы кім?
Заттыбек Көпбосынұлы — қазақ эстрадасының әншісі, сазгер әрі термеші. Ол 1974 жылы қазіргі Түркістан облысы Бәйдібек ауданының Кеңес ауылында дүниеге келген. Өнер жолын 1995 жылы «Шалдар» балалар саз мектебінде мұғалім болып бастаған.

Кейін мәдениет үйінде көркемдік жетекші қызметін атқарып, «Шаншар» театрында өнер көрсеткен. Шымкенттегі мектептерде музыка мен домбырадан сабақ берген. Республикалық «Шалқар термесі» байқауының лауреаты атанған.

Тыңдарманға «Аңсағаным», «Әдемі», «Саған гүлім», «Сүйкімді», «Асыл көгершін» секілді әндерімен таныс. Заттыбек ән орындаумен қатар, өзге әншілерге де шығарма жазады. Оның туындыларының арасында махаббат, сағыныш пен туған жер тақырыбындағы әндер бар.