Әнші Сәкен Майғазиев өнердегі досы Мейрамбек Беспаевтың 50 жасқа толуына орай жүрекжарды тілегін арнады, деп хабарлайды ult.kz.
Өнер иесі әлеуметтік желідегі жазбасында екеуінің ширек ғасырдан астам уақыт бойы жұп жазбай, қуаныш пен қиындықты бірге өткергенін айтты.
“Ширек ғасырдан астам уақыт бір әке, бір анадан туғандай бауырмыз, әріптеспіз, сырласпыз, сапарласпыз, дәмдеспіз, досым. Сол саналы ғұмырымызда жадымызда жатталып қалар жарқын күндер, сәулелі сәттер, шуақты шақтарымыз өте көп. Таңды таңға ұрып айтатындай есті естелік, тәтті мұң, күрделілеу кезеңдерді де бастан өткердік”, – деп жазды Сәкен Майғазиев.
Әнші досын “қазақтың мақтанышы” деп атап, оған ұзақ ғұмыр тіледі. Сондай-ақ Мейрамбек Беспаевтың ата-анасына және өнердегі ұстазы Алтынбек Қоразбаевқа ақ тілегін жеткізді.
Айта кетейік, Мейрамбек Беспаевтың жары мерейтойлық концерттен кейін жазба жариялады.
Мейрамбек Беспаев кім?
Мейрамбек Әбіләшімұлы Беспаев — қазақ эстрадасының танымал әншісі, “МузАРТ” тобының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Ол 1976 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. Жастайынан ән айтып, қоңыр даусымен тыңдарман ықыласына бөленген. Тараздағы Глинка атындағы музыкалық мектепте қобыз сыныбында білім алып, кейін Алматыдағы Күләш Байсейітова атындағы музыкалық мектепте оқуын жалғастырған. Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының актерлік бөлімін бітірген.

Оның өнер жолында әнші әрі композитор Алтынбек Қоразбаевтың орны ерекше. Ұстазы баптап, үлкен сахнаға жетелеген Мейрамбекті көпшілікке танытқан туындылардың бірі — “Бозторғай” әні.

Кейін “МузАРТ” тобының құрамында да, жеке орындаушы ретінде де халық әндері мен эстрадалық шығармаларды шырқап келеді. Өнердегі еңбегі үшін “Дарын” мемлекеттік жастар сыйлығына ие болған. 2012 жылы оған “Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері” атағы берілді.