Әнші Мейрамбек Беспаевтың жары Мархабат Беспаева жұбайының 50 жас мерейтойына арналған концерттің аяқталғанын айтып, көрерменге алғыс білдірді, деп хабарлайды ult.kz.
Ол әлеуметтік желідегі жазбасында кешке келген көпшіліктің қолдауы мен ықыласына ризашылығын жеткізді.
“Мейрамбек Беспаевтың 50 жас мерейтойына арналған концертіміз өз мәресіне жетті! Кешімізге келіп, ерекше көңіл күй сыйлаған барша көрерменге шын жүректен алғыс айтамыз! Қолдауларыңыз бен ықыластарыңыз үшін көп рақмет! Келесі кездескенше!” – деп жазды Мархабат Беспаева.
Айта кетейік, Тоқтар Серік пен Әбдіжаппар Әлқожаның биі желіде сынға қалды.
Мейрамбек Беспаев кім?
Мейрамбек Беспаев — қазақ эстрадасының танымал әншісі, термеші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, “МузАРТ” тобының мүшесі. Ол 1976 жылы 7 қарашада Жамбыл облысының Талас ауданында дүниеге келген. Өнерге бала кезінен араласып, қоңыр даусымен көпшілікке ерте танылған. Алтынбек Қоразбаевтың “Бозторғай” әнін орындап, тыңдарман ықыласына бөленген. Осы ән арқылы халық арасында “қазақтың Бозторғайы” атанған.

Әншілікпен қатар кино саласында да бағын сынаған. Бозбала шағында режиссер Қанымбек Қасымбековтің “Қоштасқым келмейді” фильмінде Нұрсейттің рөлін сомдаған.

Оның шығармашылығында дәстүрлі әндер, термелер мен эстрадалық туындылар қатар орын алады. Репертуарында Алтынбек Қоразбаевтың, Кенен Әзірбаевтың және Нұрғиса Тілендиевтің шығармалары бар.