“Қорыққаннан қорада ән айтқан”: Өнерге келуіне ата-анасы қарсы болған жұлдыздар кімдер?

“Қорыққаннан қорада ән айтқан”: Өнерге келуіне ата-анасы қарсы болған жұлдыздар кімдер?
Фото: Нейрожелі арқылы жасалды

Бүгінде көпшілікке танылған кей әншінің өнер жолын таңдауына кезінде ата-анасы қарсы болған. Бірінің әкесі инженер болуын қаласа, енді бірінің отбасы ұстаздыққа баруға кеңес берген, деп хабарлайды ult.kz.

Ернар Айдар

Ернар Айдар бала кезінен үлкен сахнада ән айтуды армандаған. Алайда әкесі оның өнерге келуін бастапқыда құптамаған. Әнші ауылда жүргенде үйдегілердің қызығушылығын түсіне бермегенін, тіпті қорада ән шырқайтынын еске алған.

“Әкем өнерге келуіме қарсы болды. Бірақ ата-анам өз батасын берді”, — деген ол Qazaqstan арнасындағы сұхбатында. 

Роза Әлқожа

Роза Әлқожаның да ата-анасы қызының басқа мамандық таңдағанын қалаған. Әнші әлеуметтік желідегі жазбасында сахнаға дейінгі жолының оңай болмағанын айтқан.

“Мен өнерге оңай келген жоқпын. Өйткені ата-анам қарсы болды, басқа салаға баруымды сұрады”, — деп жазған өнер иесі.

Соған қарамастан, студент кезінен ән айтып, кейін авторлық әндерімен тыңдарманға танылды. 

Тамара Асар

Тамара Асардың ата-анасы мұғалім болған. Олар қызының әртіс болғанынан гөрі, музыка пәнінен сабақ бергенін жөн көрген.

Әнші Caravan басылымына берген сұхбатында эстрадалық студияға ата-анасына білдірмей түскенін айтқан. Кейін педагогикалық институттың музыка факультетінде білім алып, студент кезінде “Айгүл” ансамблінде ән шырқаған.

Жанна Орынбасарова

Жанна Орынбасарованың әкесі қызының өз жолын қуып, инженер болғанын қалаған. Сондықтан оның сахнаға шығу ниетіне қарсы болған.

“Әртіс боламын деген кезде, әрине менің әкем қарсы болған”, — деген әнші НТК арнасына берген сұхбатында.
 


Әкесінің құрылыс саласына бағыттағысы келгеніне қарамастан, Жанна өнерді таңдаған. 

Ayree

Ayree есімімен танылған Әйгерім Рақышеваның ата-анасы да өнер адамдары. Соған қарамастан, олар қызының эстрада әншісі болуын қолдай қоймаған. Домбыра мамандығы бойынша оқуын жалғастырып, кейін сабақ бергенін қалаған.

Әншінің айтуынша, ата-анасы оның мінезі жұмсақ болғандықтан, өнер ортасындағы қиындықтарға төзе алмайды деп алаңдаған. Әйгерім өз таңдауынан бас тартпай, эстрадалық вокалға оқуға түскенін “Время” газетіне берген сұхбатында баяндаған.