"Себебін кейін айтамын": Ақан Сатаев ауруханаға түсті

"Себебін кейін айтамын": Ақан Сатаев ауруханаға түсті
Фото-коллаж: ult.kz

Танымал қазақстандық режиссер, продюсер әрі актер Ақан Сатаев ауруханаға түскенін мәлімдеді. Ол денсаулығына қатысты жағдайды әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті, деп хабарлайды ult.kz.

Өнер иесі қазіргі уақытта Атырау қаласындағы кардиология орталығында ем қабылдап жатыр. Алайда ауруханаға жатуына не себеп болғанын әзірге ашып айтпады.

"Құрметті достар! Қазір мен Атырау қаласындағы кардиология орталығында жатырмын. Себебін кейінірек айтармын. Ең бастысы – жақын арада бұл орталықтан шығып, “Қан мен серт” фильміміздің түсірілім алаңына қайта ораламын. Аллаға шүкір!" – деп жазды режиссер.

Ақан Сатаев өзіне медициналық көмек көрсетіп жатқан дәрігерлерге де ризашылығын білдірді. Ол орталық қызметкерлерінің кәсібилігі мен науқастарға деген жанашырлығын ерекше атап өтті. Режиссердің бұл жазбасы желідегі оқырмандарын алаңдатты. Көпшілік оның тезірек сауығып, отбасына және шығармашылық жұмысына аман-есен оралуын тілеп, жылы лебіздерін білдіруде.

Айта кетейік, Ақан Сатаев қазір "Қан мен серт" атты жаңа фильмнің түсірілімімен айналысып жатыр. Режиссер денсаулығы жақсарған соң түсірілім алаңына қайта қосылуға ниетті екенін жеткізді.

Әзірге оның нақты диагнозы мен ауруханадан қашан шығатыны белгісіз.

Ақан Сатаев кім?

Ақан Қарғамбайұлы Сатаев – қазақстандық белгілі режиссер, продюсер, сценарист және актер. Ол 1971 жылы 23 желтоқсанда Қарағанды қаласында дүниеге келген.

1994 жылы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының кино және телевидение факультетін тәмамдаған.

Шығармашылық жолын актерліктен бастап, кейін жарнамалық роликтер түсірумен айналысқан. 2003 жылы өзінің Sataifilm кинокомпаниясының негізін қалады.

2007 жылы режиссер ретіндегі алғашқы толықметражды туындысы – "Рэкетир" фильмін жарыққа шығарды.

Кейін "Жаужүрек мың бала", "Анаға апарар жол", "Томирис", "Бизнесмендер" және басқа да танымал картиналарды түсірді.

2020 жылы Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясының президенті болып тағайындалып, 2022 жылы бұл қызметтен кетті.