Павлодардағы баспана дауына қатысты кәсіпкердің анасы алғаш рет пікір білдірді

Павлодардағы баспана дауына қатысты кәсіпкердің анасы алғаш рет пікір білдірді
видеодан скриншот

Павлодарда қайтыс болған кәсіпкер Икрам Нұрмашовтың туыстары оның әйелі Анар Нұрмашованың мәлімдемелеріне жауап берді. Олар әлеуметтік желіде өздеріне қарсы қудалау жүріп жатқанын айтып, кәмелетке толмаған немересін жанжалға тартқаны үшін келініне шағымданған. Бұл туралы Tengrinews.kz жазды, деп хабарлайды ult.kz.

Марқұмның анасы Светлананың айтуынша, отбасы прокуратура мен қорғаншылық органдарына арыз түсірген. Олар немересін әлеуметтік желідегі талқылаудан, психологиялық қысымнан және ақша жинау науқандарына тартудан қорғауды сұраған.

Сондай-ақ кәсіпкердің туыстары қыздың суреттері мен бейнежазбалары үшінші тұлғалардың заңсыз мақсатта пайдалану қаупіне алаңдайтынын жеткізген.

Ал Светлана журналистерге отбасылық жанжалға қатысты толық пікір беруден бас тартты. Ол таралған жарияланымдарды ұлының өліміне қатысты тергеуден назарды басқа жаққа аудару үшін жасалған тапсырыспен жазылған материал деп атаған.

Сондай-ақ Светлана Хожаметова ұлы Икрам Нұрмашевтың өліміне қатысты тергеудің әділ жүргізілуін талап етіп, тәуелсіз БАҚ пен «Әділ сөз» халықаралық қорына жүгінді. Ол қайғылы оқиғаға судья Марат Мұсабаевтың қатысы болуы мүмкін екенін айтып, тергеу кезінде бірқатар заңбұзушылық болғанын мәлімдеді. Ал судьяның адвокаты бұл айыптауларды жоққа шығарып, қылмыстық істің тоқтатылғанын хабарлады.

Светлана Хожаметованың айтуынша, қайғылы оқиға кезінде катерді Павлодар облысының мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы Марат Мұсабаев басқарған. Алайда катердегі өзге адамдар тергеу барысында рөлде марқұмның өзі болғанын айтқан.

Марқұмның анасы бұл нұсқаға келіспейді. Оның сөзінше, отбасының қолында бұған қайшы келетін бейнежазбалар бар. Атап айтқанда, ұлының суға кеткен телефонынан табылған видеода Икрам Нұрмашевтың жолаушы орнында отырғаны және катерді басқарып отырған адамға «Газуй, газуй!» деп айқайлағаны естіледі.

Сондай-ақ туыстары оқиғаға дейін түсірілген тағы екі бейнежазбада катерді Марат Мұсабаев басқарғаны көрінетінін алға тартады. Анасы судьяның қолында сыра болғанын және катердің жоғары жылдамдықпен жүргенін де мәлімдеді.