Қызылорда облысында криптовалютаны заңсыз айырбастап, есірткі саудасынан түскен ақшаны заңдастырған екі адам сотталды. Олар Binance платформасының P2P қызметі арқылы 1 млрд теңгеден астам сомаға цифрлық активтер сатқан, деп хабарлайды ult.kz.
Тергеу мәліметінше, сотталғандар тиісті рұқсатсыз және «Астана» халықаралық қаржы орталығының сауда алаңдарынан тыс жерде криптовалюта айырбастаумен айналысқан. Заңсыз операциялардан түскен табыс 178 млн теңгеге жеткен.
Сонымен қатар олардың бірі есірткі саудасынан түскен ақшаны заңдастыруға қатысқан. Ол үшін күдіктілер өздерінің банк шоттарын пайдалануға берген адамдарды, яғни дропперлерді тартқан. Осы шоттар арқылы 600 млн теңгеден астам қаражат аударылған.
Кейін ақша криптовалютаға айырбасталып, есірткі сатушылардың криптоәмияндарына жіберілген. Мұндай аударымдардың жалпы көлемі 277 мың USDT болған.
Сотталғандар қылмыстық жолмен тапқан ақшасына жүк көліктері мен тіркемелер сатып алып, оларды жақын туыстарының атына рәсімдеген. Кейін техниканы кәсіпкерлік мақсатта пайдаланып, заңды тұлғаларға жалға берген.
Сот үкімімен біріне үш жыл, екіншісіне екі жыл бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сонымен қатар төрт арнайы техника мен қылмыстық жолмен алынған 1 млрд теңгеден астам табыс мемлекет пайдасына тәркіленді.
Үкім заңды күшіне енді.