Алматыда бірнеше пәтер ұрлығына қатысы бар деген күдікпен үш ер адам ұсталды. Оларды полиция қызметкерлері арнайы жасақ сарбаздарымен бірлесіп жүргізген операция барысында қолға түсірді. Алдын ала мәлімет бойынша, күдіктілердің бес ұрлық дерегіне қатысы болуы мүмкін, деп хабарлайды ult.kz.
Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, күдіктілер Алматыға арнайы келіп, пәтерлерді тонаған соң қаладан кетіп отырған. Осылайша, олар іздерін жасыруға тырысқан.
Арнайы операция кезінде үш ер адам да ұсталды. Кейінгі тергеу амалдары барысында полицейлер ұрланған заттарды тәркіледі. Қазір күдіктілер қамауға алынған.
Жедел уәкілдер ұсталғандардың өзге де пәтер ұрлықтарына қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр. Полиция қылмыстық эпизодтар саны артуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.