Заңгер Дәулетхан Ахметовтің хабарлауынша, ақын Ербол Бықыбаев Тараз қаласында ұсталған, деп хабарлайды ult.kz.
Адвокаттың мәліметінше, ақын қылмыстық іс бойынша күдікті деп танылған. Оған бұқаралық ақпарат құралдары немесе ақпараттық-коммуникациялық желілер арқылы терроризмді насихаттады деген айып тағылып отыр.
Аталған әрекет Қылмыстық кодекстің 256-бабы 2-бөлігі бойынша сараланған.
Ербол Бықыбаев кім?
Ербол Бықыбаев – әлеуметтік желілерде өткір өлеңдерімен танылған қазақстандық ақын. Ол әсіресе Талғарда қаза тапқан 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты жазған жырлары арқылы көпшілікке кеңінен таныла бастаған.
Атап айтқанда, ақынның Шерзаттың өліміне байланысты жазған «Қарабет» атты әні әлеуметтік желілерде тараған. Шығармаларында ол қоғамдық мәселелерді көтеріп, қоғамдағы әділетсіздікті сынаған.