Ресейлік әнші Валерий Меладзе Алматыдағы концертінде көрермендер арасындағы жанжалға байланысты әнін тоқтатып, сахнадан кететінін мәлімдеді. Оған фан-аймақтағы әйелдердің бір-бірін итеріп, төбелес шығаруы себеп болған. Оқиға әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды ult.kz.
Оқиға 4 қарашада Almaty Arena-да өткен концерт кезінде болған. Threads желісіндегі куәгерлердің жазуынша, концерттің соңына қарай артқы қатарда тұрған екі әйел алға, сахнаға жақындауға тырысқан. Олар алдыңғы қатарда тұрған көрермендерді итеріп, арада жанжал туындаған. Артынша сөзге келу төбелеске ұласқан.
Куәгерлердің бірі әйелдердің әрекеті концерттің соңғы 10-15 минутында болғанын жазды. Оның айтуынша, алдыңғы қатардан орын алу үшін кейбір көрермендер бірнеше сағат кезек күткен. Алайда кейін келген әйелдер оларды итеріп, жанжал шығарған.
Мұны байқап қалған Валерий Меладзе әнін тоқтатып, көрермендерге ескерту жасады.
«Бәрі күліп, ән айтып тұр. Жоқ, міндетті түрде осылай істеу керек пе? Бұл не масқара? Позор!», – деді әнші.
Ол сондай-ақ жанжал жалғаса берсе, концертті бірден тоқтататынын ескертті. Әнші тіпті сахнадан кетуге ыңғайланған. Алайда залдағы көрермендер оның қалуын сұрап, айқайлаған соң, өнерін жалғастырған. Оқиғаға араласқан әйелдерді күзет қызметкерлері залдан шығарып жіберген.
Бұл жағдай Threads желісінде де қызу талқыланды. Көпшілік әйелдердің әрекетін әдепсіздікке балап, әншінің көңіл күйін түсінгендерін жазған.
«Концерт керемет өтті, бірақ соңындағы жағдай ұят болды», «Әншінің алдында осылай ұятқа қалудың қажеті қанша?», «Адамдар концертке музыка тыңдап, демалуға келеді, жанжал шығаруға емес» деген мазмұндағы пікірлер жарияланды.
Айта кетейік, Валерий Меладзе Алматыда 3 және 4 қараша күндері концерт берген. Екінші концертке сұраныс жоғары болғандықтан қосымша кеш ұйымдастырылған.