АҚШ-тың Флорида штатында Learjet 60 бизнес-ұшағы апатқа ұшырап, борттағы тоғыз адамның барлығы қаза тапты. Қайғылы оқиға 1 қарашада Палм-Бич округінде, Гринэкрс қаласының маңында болған, деп хабарлайды ult.kz.
Ұшақ Техас штатындағы Остин қаласынан ұшып шығып, Багам аралдарындағы Норт-Эльютера әуежайына бағыт алған. Алайда ол тұрғындар тұратын ауданға құлап, өртеніп кеткен. Апат болған жерде үлкен шұңқыр пайда болған. Ұшақтың құлаған сәті маңайдан өтіп бара жатқан көліктердің бейнетіркегіштеріне түсіп қалған.
Reuters және Associated Press агенттіктерінің хабарлауынша, апатқа дейін ұшқыштар диспетчерлерге ұшақтың мұз басуы мен қатты турбуленттілік туралы ескерткен. Кейін экипаж Mayday дабылын беріп, әуе кемесінің күрт төмендеп бара жатқанын хабарлаған.
Қазір апаттың мән-жайын АҚШ-тың Ұлттық көлік қауіпсіздігі кеңесі Федералды авиация басқармасының қолдауымен тергеп жатыр.
Әзірге ұшақтың құлауына не себеп болғаны анықталған жоқ. Қаза тапқандардың аты-жөні мен бортта кімдер болғаны туралы ақпарат жарияланбаған.