Қазақстандықтар полицияға күн сайын 12-15 мың рет хабарласады. Жыл басынан бері 102 жедел желісіне 4 миллион 117 мыңнан астам өтініш түскен, деп хабарлайды ult.kz.
Полицияның мәліметінше, 102 нөмірі – азаматтардың ішкі істер органдарына хабарласатын негізгі арналарының бірі. Келіп түскен барлық қоңырау ақпараттық жүйеде автоматты түрде тіркеледі. Әр хабарлама бойынша полицияның тиісті бөлімшелері шара қабылдайды.
Сонымен қатар тұрғындар полицияға тек 102 нөмірі арқылы ғана емес, бірнеше қосымша арна арқылы да жүгіне алады. Олардың қатарында «Police 102» мобильді қосымшасы, «SOS» дабыл түймесі, өтініш қабылдаудың омниканалды жүйесі және «Заң және тәртіп» сервисі бар.
Бұл сервистер арқылы азаматтар оқиғалар мен құқық бұзушылықтар туралы жедел хабарлай алады. Өтініштер оқиғаның сипаты мен болған жеріне қарай тиісті полиция бөлімшелеріне жолданады.