"Жақсылықты жариялау міндет пе?": Төреғали Төреәлі Меккедегі әрекетімен ел назарын аударды

"Жақсылықты жариялау міндет пе?": Төреғали Төреәлі Меккедегі әрекетімен ел назарын аударды
Фото-коллаж: видеодан скриншот/ ЖИ арқылы өңделген

Танымал әнші Төреғали Төреәлі қасиетті Мекке қаласында балаларға тәттілер таратып, оларға қуаныш сыйлаған сәтін әлеуметтік желіде жариялады. Өнер иесінің бұл әрекеті көпшіліктің назарын аударды, деп хабарлайды ult.kz.

Әнші Instagram парақшасында Сәуір тауында кездескен бүлдіршіндерге тәттілер үлестіргенін айтып, сол сәттен алған әсерімен бөлісті. Оның сөзінше, балалардың шынайы қуанышын көру өзіне ерекше әсер қалдырған.

Өнер иесі бұл оқиғаны қасиетті жұма күні Әл-Харам мешітінде намаз оқып отырғанда қайта есіне алғанын жеткізді.

"Кейде кішкентай ғана қуаныш сыйлау – үлкен бір бақыт. Сәуір тауында кездескен балапандарға кішкентай тәтті сыйымызды тарту еткен едік. Бүгін қасиетті жұма күні Әл-Харам мешітінде жұма намазын оқып отырып, сол бір сәттерді қайта еске алдым", – деп жазды әнші.

Төреғали Төреәлі балалардың күлкісі мен қуанышын ерекше бағалайтынын айтып, оқырмандарына ізгі тілегін арнады.

"Бала күлкісінен артық шаттық жоқ шығар… Алла жүрегімізге мейірім, қолымызға береке, жасаған әрбір жақсылығымызға сауап нәсіп етсін!" – деді ол.

Әншінің жазбасы қайырымдылық пен мейірімділік тақырыбын қозғады. Дегенмен жақсылықты көпшілікке жариялаудың қаншалықты орынды екені де талқылауға себеп болатын мәселе.

Айта кетейік, Төреғали Төреәлі бұған дейін де Меккеден жариялаған жазбалары арқылы оқырмандарымен рухани әсерін бөліскен.

Төреғали Төреәлі кім?

Төреғали Төреәлі – қазақстандық танымал эстрада әншісі, бұрынғы айтыскер ақын және актер. Ол 1992 жылы 14 қазанда Қызылорда облысының Байқоңыр қаласында дүниеге келген.

Өнер иесі Алматы қаласындағы Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының колледжінде актер мамандығы бойынша білім алған. Шығармашылық жолын айтыс өнерінен бастап, студенттер арасындағы бірнеше айтыста жеңімпаз атанған. Сондай-ақ республикалық ақындар айтысына қатысып, жүлделі орындарға ие болған.

Кейін эстрадаға бет бұрып, "Отанды сүю – иманнан" әні арқылы көпшілікке кеңінен таныла бастады

Әнші өнер әлемінде "Ұлы дала баласы" деген атпен де белгілі.

Оның репертуарында "Сағыныш", "Ерке қыз", "Найзағай болып" және "Түсімдегі қыз" сияқты әндер бар.

2015 жылы "Ұлы дала баласы" атты жеке шығармашылық кешін өткізіп, оның телевизиялық нұсқасы "Qazaqstan" ұлттық арнасынан көрсетілді.

Өнер иесінің жұбайы – Толқын Тұрарбекқызы, екеуі отбасылық өміріндегі жаңалықтарды әлеуметтік желіде бөлісіп отырады.