"Мақсат Ахановты ешкім шеттете алмайды": Ринат Зайыт айтыскер ақынға араша түсті

"Мақсат Ахановты ешкім шеттете алмайды": Ринат Зайыт айтыскер ақынға араша түсті
Фото-коллаж: видеодан скриншот/ ЖИ арқылы өңделген

Белгілі айтыскер ақын, қоғам қайраткері Ринат Зайыт әріптесі Мақсат Ахановтың айналасында туындаған дауға қатысты пікір білдірді. Ол ақынды айтыстан шеттету туралы әңгімені орынсыз деп санайтынын айтып, оның өнердегі орнын ерекше атап өтті, деп хабарлайды ult.kz.

Ринат Зайыт бұл туралы Adal ADAM YouTube арнасына берген сұхбатында айтты. Әңгіме барысында ол айтыс өнерінің қазіргі жағдайына тоқталып, Мақсат Ахановқа қатысты дауға өз көзқарасын білдірді.

Ақынның айтуынша, айтыскерді өнерден шеттету үшін оның әрекетінде елеулі заңбұзушылық болуы керек. Ал Мақсат Ахановтың сөзінен мұндай жағдайды байқамағанын жеткізді.

"Қазір айтыскер ақынды мемлекеттің ар-намысына тиетін, ұлтараздықты тудыратын нәрсе айтса, шеттетуге болады. Мақсат Аханов не істеді? Ол бір адамға тиетін сөз айтқан жоқ. "Адайдың шалдары" дегенді күнделікті қолданыста Маңғыстаудың жігіттері де мақтанышпен айтады", – деді Ринат Зайыт.

Ол Мақсат Ахановтың айтыстағы сөздерін көргенде керісінше қызығушылық танытқанын жасырмады. Тіпті сол сәтте өзінің жастық шағын еске алып, әзілмен жауап берген.

"Мен сол видеоны көргенде қайта қызықтым. Осылай еркелеп жүре беру керек еді, шіркін", – деп ақын күліп алды.

Ринат Зайыттың пікірінше, Мақсат Ахановты айтыстан шеттету туралы әңгіменің өзі орынсыз. Ол мұндай жағдайда шығармашылық ұйымдар ақынды жазалаудың емес, қорғаудың жолын қарастыруы керек деп есептейді.

"Мақсат Ахановты біреу шеттетеді, үйтеді-бүйтеді деген бос сөз. Ол әңгімені біздің одақ тіптен шығармай-ақ та қоюы керек еді. Керісінше, олар Мақсатты қорғап қалулары керек еді. Бірақ Құдайға шүкір, Мақсаттың халқы, әріптестері бар. Мақсатты ешкім шеттете алмайды", – деді ол.

Сонымен қатар Ринат Зайыт әріптесінің айтыс өнеріне қосқан үлесін жоғары бағалады. Оның сөзінше, Мақсат Аханов – көрерменнің айтысқа деген қызығушылығын сақтап жүрген таланттардың бірі.

"Мақсат Ахановты шеттету деген қайда ол? "Мақсат айтыстың аудиториясының ешқайда кетіп қалмауына тікелей әсер етіп жүрген ерекше дарын иесі", – деп түйіндеді ақын.

Осылайша, Ринат Зайыт әріптесіне қолдау білдіріп, айтыскерлердің шығармашылық еркіндігі мен өнердегі беделін қорғау маңызды екенін жеткізді.

Ринат Зайытов кім?

Ринат Рифхатұлы Зайытов – белгілі айтыскер ақын, қоғам қайраткері және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің бұрынғы депутаты. Ол 1984 жылы 14 қарашада қазіргі Абай облысы Аягөз ауданына қарасты Өркен ауылында дүниеге келген.

Семей қаласындағы Мұқан Төлебаев атындағы колледжде драма актері мамандығы бойынша білім алған. Кейін Семей педагогикалық институтында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын меңгерген. Сондай-ақ Қазақ қатынас жолдары университетінде "Бизнес және басқару" бағыты бойынша магистр дәрежесін алған.

Еңбек жолын 2001 жылы Семейдегі "Дариға-ай" жастар театрында актер болып бастаған. 2008–2010 жылдары аталған театрдың көркемдік жетекшісі қызметін атқарған.

2021–2023 жылдары Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрының директоры болған.

2023–2026 жылдары VIII шақырылымдағы Мәжіліс депутаты болып, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің құрамында жұмыс істеген.

2026 жылдың қазан айында Қазақстан Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының басшысы қызметіне тағайындалған.