"Лайықсыз деп сызып тастаған": Меруерт Түсіпбаева кімге өкпелі?

"Лайықсыз деп сызып тастаған": Меруерт Түсіпбаева кімге өкпелі?
Фото-коллаж: ult.kz

Танымал әнші Меруерт Түсіпбаева мемлекеттік марапатқа ұсынылып, кейін үміткерлер қатарынан шығарылғанын айтып, көпшілікті таңғалдырды. Өнер иесі бұл жағдайға қатысты әлеуметтік желіде пікір білдірді, деп хабарлайды ult.kz.

Әнші соңғы уақытта өнер адамдарына беріліп жатқан мемлекеттік атақтар мен марапаттарға қатысты оқырмандарынан көп сұрақ түскенін жеткізді. Осыған байланысты ол өзінің де марапатқа ұсынылып, алайда тізімнен алынып тасталғанын жасырмады.

Меруерт Түсіпбаеваның айтуынша, 55 жасқа толуына орай оны мемлекеттік орденге ұсынған. Алайда белгісіз біреу оның кандидатурасын лайықсыз деп тауып, үміткерлер қатарынан шығарып тастаған. Әнші мұндай шешімді кім қабылдағанын нақтыламады.

Өнер иесі бұған дейін алған атағын да еске алды. Оның сөзінше, 2014 жылы берілген "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" атағы сол кезеңде өнер адамдары үшін аса маңызды марапаттардың бірі болған.

"Жақында жаңбырдай жауған атақтар туралы маған көп сұрақ келді. "Қазаншының еркі бар" – менің жауабым. "Еңбек сіңірген қайраткер" атағы сол кезеңде "Халық әртісі" атағына жақын еді. Өйткені ол кезде "Халық әртісі" атағын мүлдем алып тастаған болатын. Маған бұл атақ 2014 жылы бұйырды. Шүкір! Жақында 55 жас мерейтойыма орай орденге ұсынылып едім. "Лайықсыз" деп мені бір мықты сызып тастапты. Ештеңе етпейді, иә? Бүгін мен осы видеомен мені сызып тастаған адамға жауап бердім!" – деді әнші.

Соған қарамастан Меруерт Түсіпбаева бұл жағдайға бола қатты қапаланбағанын аңғартты. Ол өзін марапаттан шеттеткен адамға арнайы видео арқылы жауап бергенін мәлімдеді.

Әншінің бұл мәлімдемесінен кейін оның кандидатурасын кім және қандай себеппен тізімнен алып тастағаны белгісіз күйінде қалып отыр. Өнер иесі де бұл шешімнің нақты мән-жайын ашып айтпады.

Меруерт Түсіпбаева кім?

Меруерт Балғабайқызы Түсіпбаева – қазақстандық эстрада әншісі, театр және кино актрисасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Ол 1971 жылы 6 тамызда Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келген. 1995 жылы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын "Музыкалық театр актері" мамандығы бойынша тәмамдаған. Оқу орнында Қазақстанның халық әртісі, профессор Тілектес Мейрамовтан дәріс алған.

Еңбек жолын Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында бастаған. Кейін эстрадаға бет бұрып, 1996 жылы жарық көрген "Қимай сені барамын" әні арқылы көпшілікке танылды. Бұл әннің әуенін композитор Төлеген Мұхамеджанов, сөзін ақын Шөмішбай Сариев жазған.

Аталған туындыға түсірілген бейнебаян 1996 жылы "Алтын жұлдыз" байқауында үздік үш бейнебаянның қатарына енген.

Әншілікпен қатар кино саласында еңбек етіп, өнер академиясында студенттерге сабақ берген.

2014 жылы "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" құрметті атағын алған.