Танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатов жылыту маусымына байланысты тұрғындарды сақ болуға шақырды. Өнер иесі пешпен жылытылатын үйлерге улы газды анықтайтын датчик орнатуға кеңес берді, деп хабарлайды ult.kz.
Павлодар қаласында жүрген әзілкеш күн суыған сайын көмір жағатын жеке үйлерде қауіпсіздікке ерекше мән беру қажеттігін айтты. Ол улы газдан тұтас отбасылар зардап шеккен жағдайларды еске салып, тұрғындарды қауіптің алдын алуға үндеді.
«Мен қазір Павлодар қаласындамын. Қыс басталып жатыр. Газ әлі келмеген, көмір жағып отырған көп жер үй бар. Улы түтіннің кесірінен өмірден өтіп кеткен отбасылар да кездеседі. Қауіптің алдын алу үшін абай болыңыздар. Улы түтіннен, бәле-жаладан сақтасын сіздерді. Мынадай аппарат шыққан екен. Үйлеріңізге қойып қойсаңыздар болады», – деді Тұрсынбек Қабатов.
Өнер иесі көрсеткен құрылғы ауадағы улы газды анықтап, қауіп төнгенде дыбыстық белгі береді. Әзілкештің айтуынша, мұндай ескерту үйдегілердің, соның ішінде ұйықтап жатқан адамдардың да қауіпті дер кезінде байқауына көмектеседі.
Айта кетейік, Мөлдір Мұқанның Тұрсынбек Қабатовқа арнаған бұрынғы жазбасы тарады.
Тұрсынбек Қабатов кім?
Тұрсынбек Қабатов - қазақстандық әзілкеш, актер және тележүргізуші. Ол 1975 жылы 10 қарашада Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Көпшілікке КВН ойындары мен әзіл-сықақ бағдарламалары арқылы танылды.

Өнер иесі сахнада күнделікті тұрмыстағы оқиғаларды, отбасылық қарым-қатынасты және қоғамдағы түрлі құбылыстарды әзілге арқау етеді.

Қарапайым тілмен әңгімелеп, кейіпкерлердің мінезін сомдауы - оның өнеріне тән ерекшелік. Тұрсынбек Қабатов «Әзіл әлемі» жобасы арқылы да көрерменге кеңінен танылған. Сондай-ақ «Өнер барысы» әзіл сайысының жүргізушісі ретінде белгілі. Ол еліміздің түрлі өңірінде жеке шығармашылық кештерін өткізіп келеді.