«Бұл тағдырды Құдайдан сұрап алмадым»: Ләйлә Сұлтанқызы сын айтқандарға жауап берді

«Бұл тағдырды Құдайдан сұрап алмадым»: Ләйлә Сұлтанқызы сын айтқандарға жауап берді
Фото: Нейрожелі арқылы жасалды

Тележүргізушілер Ләйлә Сұлтанқызы мен Айгүл Мүкейдің қыз ұзату рәсімінде ән айтуы әлеуметтік желіде талқыға түсті. Кейбір қолданушылар олардың отбасылық жағдайын сөз етіп, ұзатуға қатысуын «жаман ырымға» балаған. Ләйлә Сұлтанқызы мұндай пікірлерге Threads парақшасында жауап берді, деп хабарлайды ult.kz.

Тележүргізуші өз тағдырына қатысты орынсыз пікір айтқандарға ренішін білдірген.

«Как будто мен осындай тағдырды, өмірді Құдайдан сұрап алғандай, стереотипке жатып алған қыз-келіншектер, сіздерге не болды?» — деп жазды Ләйлә Сұлтанқызы.

Оның айтуынша, қос тележүргізуші ұзатылған қыздың жеке өтінішімен ән айтып, шығарып салған. Қалыңдық — екеуінің де шәкірті, журналист Дина Ораз.

«Кеше әріптесіміз, Айгүл Мүкей екеуміздің шәкіртіміз, талантты журналист, сіңліміздей болып кеткен Дина Оразды (жеке өтініші бойынша) ұзатуында ән айтып, бірге шығарып салған едік. Ойбай, жесір бүйтпейді, сөйтпейді деп жеп жатырсыздар», — деді ол.

Ләйлә Сұлтанқызы ұзатуда ән айтатын өзге әйелдердің де жеке өмірін жұрт біле бермейтінін айтып, сыншыларға сауал тастады.

«Стоп, сонда сіздер анау ансамбльде өлең айтып, шығарып салатын қыз-келіншектердің тағдырларымен таныссыздар ма?» — деп жазды тележүргізуші.

Айта кетейік, Сұлтанқызының жазбасы талқыға түсті. 

Ләйлә Сұлтанқызы кім?

Ләйлә Сұлтанқызы — қазақстандық тележүргізуші, журналист және медиаменеджер. Ол 1977 жылғы 5 сәуірде Шымкентте дүниеге келген. Көпшілікке «Әйел бақыты» және «Өз ойым» секілді тележобалар арқылы танылған.

Хабарларында отбасы, бала тәрбиесі, әйелдердің қоғамдағы орны мен әлеуметтік мәселелерді көтереді. Тележүргізушілікпен қатар, продюсерлік және медиа саласындағы ұйымдастыру жұмыстарымен айналысқан. «Мен — әйелмін» және «Балапан: бәрі де балалықтан басталады» кітаптарының авторы. Әлеуметтік желіде кәсіби қызметі, күнделікті өмірі және жеке көзқарасы туралы жазбалар жариялап тұрады.