Бір күндік сауда барысында мың тоннадан астам азық-түлік сатылып, 140 сауда орны ұйымдастырылды. Өңірдің түкпір-түкпірінен келген ондаған ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші өз өнімдерін елорда тұрғындарына ұсынды. Осылайша, Ақмола облысы Астанадағы ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің маусымын қорытындылады.
Сауда сөрелерінен күнделікті тұтынатын азық-түліктің барлық түрін дерлік табуға болады. Атап айтқанда, ет, балық, сүт өнімдері, ұн, жарма, өсімдік майы, картоп, көкөністер мен жұмыртқа сатылды. Сонымен қатар елордаға 350 мың дана жұмыртқа жеткізілді. Жалпы, сатып алушыларға 50-ден астам түрлі өнім ұсынылды. Бағалар нарықтағы орташа құннан 10-15 пайызға төмен болды.
Жәрмеңкеге өңірге жақсы таныс «Родина», «Burabay Milk», «Бижан», «Макинск құс фабрикасы», «Ақкөл Құс», «Ижевский» және басқа да кәсіпорындардың өнімдері қойылды. Саудаға облыстың 17 ауданынан, сондай-ақ Көкшетау, Қосшы және Степногор қалаларынан келген шаруашылықтар қатысты.
Сауда-саттық концерттік бағдарламамен және өңірдің салт-дәстүрімен таныстыру шараларымен қатар өтті. Келушілер қазақ батырының бейнесінде суретке түсіп, ұлттық ойындарға қатысып, ECO Birlik экологиялық акциясына қосыла алды. «Таза Қазақстан» бастамасы аясында қонақтар пластик қалдықтарын тапсырып, естелік сыйлықтарға ие болды. Ал ақмолалық волонтерлер сатып алушыларға ауыр сөмкелерін көтерісіп, алған заттарын көлікке дейін жеткізуге көмектесті.
Дегенмен өңірдің елорданың азық-түлік нарығындағы маңызы жәрмеңке аясындағы жеткізілімдермен ғана шектелмейді. Бүгінде Ақмола облысы Астананың сүт өнімдеріне деген қажеттілігінің шамамен 40 пайызын, етке деген сұранысының 30 пайызға жуығын және тағамдық жұмыртқаға қажеттілігінің 80 пайызын қамтамасыз етеді. Бұл көрсеткіштер өңірдегі ауыл шаруашылығы әлеуетінің жоғары екенін және қайта өңдеу кәсіпорындарының тұрақты жұмыс істеп жатқанын көрсетеді.

Өңір билігі бұл әлеуетті одан әрі арттыруды көздеп отыр. Перспективалы бағыттардың бірі – етті мал шаруашылығын дамыту. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында Ерейментау ауданында ет кластерін құруға назар аударған болатын. Жоба аясында әрқайсысы 20 мың бас ірі қара малға арналған үш асыл тұқымды мал өсіру репродукторы, 30 мың басқа арналған бордақылау алаңы және 300-ге жуық фермерлік шаруашылық біріктіріледі.
«Бүгінде алдымызға елорданы азық-түлікпен қамтамасыз ету шеңберінен шығу міндетін қойып отырмыз. Ақмола облысы өндіріс көлемін ұлғайтып, Қазақстанның өзге өңірлеріне жеткізілімдерді кеңейтуі керек. Осы мақсатта мал шаруашылығын дамытып, асыл тұқымды мал әкеліп, фермерлік шаруашылықтарды қолдап келеміз. «Береке» бағдарламасы аясында облысымыз алғашқылардың бірі болып қаржыландыруға ие болып, бөлінген қаражат көлемі бойынша көш бастады. Мұндай жобаларды қолдау отандық ет өндірісін арттырып, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді», – деді Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов.

Сонымен қатар өңірде сүт өндірісін ұлғайту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соңғы үш жылда жалпы қуаттылығы 5,8 мың басқа арналған алты сүт-тауар фермасы ашылды. 2026-2028 жылдары тағы алты ферманы салу жоспарланған. Болжам бойынша, 2030 жылға қарай ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында өндірілетін тауарлық сүт көлемі екі есеге жуық артады.
Қазірдің өзінде елорданы азық-түлікпен қамтамасыз етуде маңызды орын алатын Ақмола облысы мал шаруашылығы мен қайта өңдеу салаларын дамыту арқылы қазақстандық нарықтағы үлесін одан әрі арттыруды көздеп отыр.
