Қызылорда облысында 16 жыл бойы бір кәсіпорында бақылаушы-механик болып еңбек еткен азамат жұмыс берушінің заңсыз тәртіптік жазасына қатысты сотта жеңіске жетті, деп хабарлайды ult.kz.
Облыстық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, азамат кәсіпорынның әлеуметтік мәселелер жөніндегі кеңесінде сол кездегі кәсіподақ комитетінің төрағасы ретінде жұмысшылардың еңбек және әлеуметтік мәселелеріне қатысты пікір білдірген.
Алайда осы жиыннан кейін жұмыс беруші оны кәсіпорынның құпия ақпаратын жариялады деп айыптап, қатаң сөгіс жариялаған.
Бұйрықпен келіспеген азамат келісу комиссиясына жүгінген. Бірақ комиссия мүшелерінің дауысы тең түскендіктен, оған дауды сот арқылы шешу құқығы түсіндірілген.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы да жұмыс берушінің еңбек заңнамасын бұзғанын анықтап, заңбұзушылықтарды жою туралы ұйғарым шығарған.
Сотта азаматтың құпия ақпаратпен жұмыс істеуге рұқсаты болмағаны, ал жарияланды делінген мәліметтердің заңмен қорғалатын құпия ақпарат екені дәлелденбегені анықталды. Сонымен қатар қызметтік тексеру қорытындысында нақты қандай ақпараттың кімге және қандай жағдайда жарияланғаны көрсетілмеген.
Бұған қоса, қызметкердің әрекетінен кәсіпорынға ешқандай залал келмегені белгілі болды.
Осы мән-жайларды ескерген сот тәртіптік теріс қылықтың дәлелденбегені туралы қорытындыға келіп, қатаң сөгіс жариялау туралы бұйрықты заңсыз деп танып, күшін жойды.
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы бірінші сатыдағы сот шешімін өзгеріссіз қалдырды.