Қазақстан құқық қорғау органдары «Pin-Up» букмекерлік кеңсесінің иелері Дмитрий Пунин мен Марина Ильинаны іздеуге жариялады. Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) мәліметінше, олар Қазақстан аумағында заңсыз онлайн-казино жұмысын ұйымдастырған негізгі тұлғалар болып саналады, деп хабарлайды ult.kz.
Бұл қадам бір жылдан астам уақытқа созылған тергеудің жалғасы болды. 2025 жылдың басында The Gambler Telegram-арнасы көлемді мақала жариялап, онда Қазақстанда ресми тіркелген «Pin-Up» букмекерлік кеңсесі ойыншыларды елімізде тыйым салынған онлайн-казино сайттарына бағыттайтыны туралы тұжырым жасаған еді.
Кейін бұл ақпарат Қаржылық мониторинг агенттігінің назарын аударды. Агенттік заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру дерегі бойынша қылмыстық іс тіркеп, тергеу аясында екінші деңгейлі банктердің қызметкерлерін ұстауға кірісті. Тергеу нұсқасына сәйкес, олар шетел азаматтарына ақшаны заңсыз жолмен шетелге шығаруға көмектескен. Жалпы алғанда, қазақстандық азаматтар бұл схема аясында 100 миллиард теңгеден астам қаражат ұтылған.
Кейін бұл схеманы Қазақстанға арнайы ұшып келген Украина азаматтары Дмитрий Дружинский мен Марина Левкович-Гинзбург ұйымдастырғаны анықталғаны айтылды. Оларға қазақстандық IT мамандары мен қаржыгерлер көмектескен. Қазір бірнеше адам қамауға алынып, Украина азаматтары іздеуге жарияланған.
Алайда тергеудің негізгі пайда алушыларына қатысты сұрақ ашық қалған еді. «Pin-Up» компаниясы Кипрде тұратын Ресей азаматы Дмитрий Пунин мен оның жұбайы Марина Ильинаға тиесілі.
Енді Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті порталында Дмитрий Пунин мен Марина Ильинаның деректері жарияланды. Екеуі де халықаралық іздеуге берілген.
Оқиғаның бұдан кейін қалай өрбитіні әзірге белгісіз. Автордың пікірінше, Қазақстан тарихында ірі халықаралық гемблинг платформаларының иелерін іздеуге жариялау жағдайы алғаш рет орын алып отыр.