Алтынай Жорабаева күйеуінің қамқорлығын айтып мақтанды

Алтынай Жорабаева күйеуінің қамқорлығын айтып мақтанды
Фото: Нейрожелі арқылы жасалды

Әнші Алтынай Жорабаева жұбайының өзіне көрсететін қамқорлығы туралы айтып, жылы лебізін білдірді, деп хабарлайды ult.kz.

Өнер иесінің сөзінше, күйеуі оны үнемі қымбат сыйлықтармен қуантып, көңіл бөліп отырады. Әнші жұбайының ықыласы мен қамқорлығын бағалайтынын жеткізді.

“Көлігімнің қыстық дөңгелегін ауыстырып қойыпты. Ертең жолға шығамын. Жуып дайындап қойған. Айтқызбай істейді. Мұндай күйеу бар ма?”, - деді ол. 

Желі қолданушылары Алтынай Жорабаеваға қолдау білдіріп, ерлі-зайыптыға бақыт тіледі. Сондай-ақ әншінің жар таңдаудан қателеспегенін айтып, жұбайлардың бір-біріне деген сыйластығына сүйсінген.

Айта кетейік, Алтынай Жорабаева күйеуі сыйлаған сыйлықтарды көрсетті.

Алтынай Жорабаева кім?

Алтынай Құлажанқызы Жорабаева — қазақстандық эстрада әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Ол 1978 жылғы 28 қазанда қазіргі Түркістан облысы Төлеби ауданының Бейнеткеш ауылында дүниеге келген. 1995 жылы мектепті аяқтап, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің өнер факультетіне оқуға түскен.

Әнші «Азия дауысы», «Discovery», «Александрия» халықаралық байқауларының лауреаты атанған. 2004 жылы Юрмалада өткен «Янтарь жұлдызы» байқауының бас жүлдесін жеңіп алған. Ал 2005 жылы АҚШ-тағы орындаушылық шеберліктің әлем чемпионатында екі алтын, екі күміс медаль иеленген.

Оның шығармашылық қоржынында «Арманыма ғашықпын», «Жүрші, сәулем, ауылға», «Елімнің жүрегі – Астана» альбомдары бар. 2004 жылы «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын, 2006 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағын алған.