"Үш күн үйге қонбадым": Досымжан Таңатаров үйден қашып кеткенін айтты

"Үш күн үйге қонбадым": Досымжан Таңатаров үйден қашып кеткенін айтты
Фото-коллаж: видеодан скриншот/ ЖИ арқылы өңделген

Танымал әнші Досымжан Таңатаров өнер жолын таңдауына ата-анасының қарсы болғанын айтып, жастық шағындағы қызықты оқиғасын бөлісті. Өнер иесі әнші боламын деп үйінен қашып кеткенін де жасырмады. Бұл туралы ол "Кешкі Алматы" бағдарламасына берген сұхбатында баяндады, деп хабарлайды ult.kz.

Әншінің айтуынша, бала кезінен өнерге жақын болып өскен. Ауылдағы түрлі байқауларға қатысып, аудандық және облыстық деңгейде де өнерімен көзге түскен. Тіпті айналасындағы ұстаздары мен таныстары оның болашағын сахнамен байланыстырып, үлкен үміт артқан.

Алайда мектепті тәмамдаған соң өнер университетіне түсуді жоспарлаған Досымжан Таңатаров күтпеген жағдайға тап болған. Бұған дейін баласының әншілігін қолдап келген ата-анасы оның кәсіби өнер жолын таңдауына қарсы шыққан.

"Негізгі мамандығым басқа. Бұл өзі қызық. Мен ән айтқанда рақаттанатынмын. Ата-анам кішкентайымнан өнерге дайындап өсірді. Мектеп бітіріп, арманым Жүргеновке ме, консерваторияға ма түсемін деген уақытта әке-шешем қарсы болады ғой", – деп еске алды әнші.

"Қарным ашқан соң үйге қайтып келдім"

Досымжан Таңатаров ата-анасының бұл шешімін түсіне алмай, қатты ренжігенін айтты. Себебі ауылдан бастап облысқа дейін түрлі өнер додаларында танылып үлгерген жас әнші болашағын тек сахнадан көрген. Алайда әке-шешесі ұлының тұрақты мамандық иесі болғанын қалаған.

"Ата-анам өнерпаз болмай-ақ қой деді. Жылап, үйден қашып кеттім. Үш күн үйге түнемедім. Қарным аш. Сол қарын ашқан соң қайтып келдім", – деп күлді өнер иесі.

Әншінің сөзінше, үйге оралған соң анасы оған ақыл айтып, алдымен жоғары білім алуға көндірген.

"Балам, өлең жөтел сияқты. Сыртқа шықпай қоймайды. Мен саған айтайын, арманың өнер болса да, біз үшін бір мамандық иесі болып, диплом алшы. Сосын өнерің ішіңді тесіп бара жатса, ол дүние шығады. Сол жерде жүріп те сахнаға шығасың", – деген.

Әнші боламын деген Досымжан химик мамандығын оқыған

Анасының ақылынан кейін Досымжан Таңатаров ата-анасының тілін алып, Жамбыл технологиялық институтына оқуға түскен. Ол инженер техник-химик мамандығы бойынша білім алып, диплом иеленген. Дегенмен әншілікке деген қызығушылығы ешқашан бәсеңдемеген.

Өнер иесінің айтуынша, институтқа алғаш барған күні оқу орнында "Алло, мы ищем таланты" атты байқау өтіп жатқан.

"Сол конкурсқа жетіп барып, "Мен талантпын!" дедім", – деп күлді әнші.

Досымжан Таңатаров өзінің өнер жолы дәл сол байқаудан басталғанын жеткізді. Осылайша ол ата-анасының талабын орындап, басқа мамандықты меңгерсе де, бала күнгі арманынан қол үзбеген.

Әншінің әңгімесін тыңдаған жүргізуші Жанболат Найзабеков:

"Институтты Жүргенов қылып тастапсыз ғой", – деп әзілдеп, студиядағыларды күлдірді.

Осылайша Досымжан Таңатаров ата-анасының қарсылығы мен мамандық таңдау кезіндегі қиындықтарға қарамастан, әншілік өнерге қалай келгенін еске алды.

Досымжан Таңатаров кім?

Досымжан Қарпықұлы Таңатаров – қазақстандық эстрада әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Ол 1975 жылы 6 мамырда Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты Құмарық ауылында дүниеге келген.

Мектепті аяқтаған соң Жамбыл технологиялық институтында инженер-технолог, химик мамандығы бойынша білім алған. Кейін Жамбыл педагогикалық институтында музыка мамандығын меңгерген.

2000 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Президенті оркестрінде әнші болып қызмет атқарған. 2001 жылы оның "Құралай" атты алғашқы бейнебаяны жарық көрді.

Ал 2005 жылы Алматыдағы Республика сарайында "Құралай" атты жеке шығармашылық кешін өткізді.

Өнердегі жетістіктері үшін 2008 жылы "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығын иеленіп, 2009 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанды.

2021 жылы Президент оркестріндегі жиырма жылдық қызметін аяқтап, майор шенімен зейнетке шықты.

2023 жылдың мамыр айында Астана қаласындағы Жастар театрының директоры қызметіне тағайындалды.