Жазира Байырбекова оқырмандарынан кеңес сұрады

Жазира Байырбекова оқырмандарынан кеңес сұрады
Фото: Нейрожелі арқылы жасалды

Әнші Жазира Байырбекова ұлының үйлену тойын өткізгенімен, әлі құдалық жасамағанын айтты. Өнер иесі басқосуды қайда ұйымдастырған дұрыс екенін әлеуметтік желідегі оқырмандарынан сұрады, деп хабарлайды ult.kz.

Әншінің сөзінше, құдалық өткізу ниеті болған, алайда уақыт өте берген. Қазір отбасы осы жиынға лайық мейрамхана іздеп жүр.

«Екі бала үйленген кезде той жасадық, бірақ әлі құдалық жасамадық. Ұят-ай. Содан құдалық жасайық деп, уақыт өтіп кетті. Мейрамхана іздеп жүрміз. Қайда жасаған дұрыс? Бізге ақылдарыңыз керек», – деді ол.

Жазира Байырбекова құдаларды үйде күткен жөн бе, әлде кешкісін мейрамханада бас қосқан дұрыс па деген сауал да қойды. Әнші бұл ретте көпшіліктің ұсынысын білгісі келетінін жеткізді.

Айта кетейік, Жазира Байырбекованың сіңлісі жездесі туралы сыр ашты.

Жазира Байырбекова кім? 
 

Жазира Байырбекова — қазақ эстрадасының танымал әншісі, «Жанболат пен Жазира» дуэтінің мүшесі. Ол 1978 жылғы 30 қыркүйекте қазіргі Түркістан облысындағы Пақташы елді мекенінде дүниеге келген. Әнші 2002 жылдан бастап жұбайы Жанболат Ербатыровпен бірге дуэт болып өнер көрсетіп келеді. Шығармашылық жолының басында туған ағасы Ербол Байырбековтің «Сүйгеніңді бағала», «Арманым» секілді әндерін орындаған. 2010 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетін бітірген.

Жазираның репертуарында эстрадалық әндермен қатар халық әндері, термелер және балаларға арналған шығармалар бар. Ол «Майлықожаның термесіне» бейнебаян түсіріп, дәстүрлі өнерді насихаттауға үлес қосуды мақсат еткенін айтқан. Кішкентай тыңдармандарға арналған «Бесік жыры», «Тәй-тәй» әндері де оның орындауында таралған.

Жанболат пен Жазира 1996 жылғы 7 маусымда отбасын құрған. Өнерде де, өмірде де қатар жүрген жұп бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген. Ұлынан кейін араға 22 жыл салып, 2019 жылы екінші перзентін сүйген.

Әнші сұхбаттарында отбасындағы сыйластық пен кешірімділік туралы жиі ой бөліседі. «Qazaqstan» телеарнасына берген сұхбатында отбасының беріктігін сақтауда кешіре білудің маңызын атап өткен.