Қазақстанның халық әртісі Меруерт Өтекешова "Қыз Жібек" фильмінде киген қамзолының әлі күнге дейін өзінде сақтаулы тұрғанын айтты. Актриса құнды жәдігерді музейге тапсыруға ниетті болғанымен, әзірге бұл іске асықпай отыр. Бұл туралы өнер иесі "Qazaqstan" телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.
Актрисаның сөзінше, көпшіліктің қызығушылығын тудырған тарихи қамзолды алдымен қалпына келтіріп, тиісті күтімнен өткізу қажет. Содан кейін ғана оны музей қорына өткізуді жоспарлап отыр.
"Қыз Жібектің қамзолы өзімде сақтаулы. Оны әлі ретке келтіруім керек. Дайын болғанда музейге тапсырамын. Киностудияда Қыз Жібектің тағы бір көйлегі, қамзолы мен сәукелесі бар", – деді актриса.
"Құнды дүниелердің жоғалып кетуінен қорқамын"
Меруерт Өтекешова үшін "Қыз Жібек" фильміне қатысты әрбір бұйымның орны бөлек. Ол қолында сақталған естеліктер мен тарихи дүниелерді бір жүйеге келтіріп, келешек ұрпаққа табыстауды көздейді.
Өнер иесі фильмнің жарыққа шыққанына 50 жыл толуына орай деректі туынды түсірілгенін де еске алды. Актрисаның айтуынша, қазақ киносының тарихынан сыр шертетін мұндай дүниелердің ұмыт қалмауы маңызды.
"Жастар көре ме, көрмей ме, білмеймін. Бірақ мақсатым – қолымда бар дүниені жинақтап, жазып, кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдыру. Әлі ойымда жүрген, атқаратын ісім көп. Осы іске өзім кіріспесем, құнды дүниелер жоғалып кете ме деп қорқамын", – деді Меруерт Өтекешова.
Актриса тарихи жәдігерлерді сақтап қалуды жеке жауапкершілігі санайтынын жеткізді. Оның пікірінше, кино өнеріне қатысты мұндай мұралар болашақ ұрпақ үшін де құнды.
Әзірге әйгілі Қыз Жібектің қамзолы актрисаның өзінде сақтаулы. Меруерт Өтекешова оны алдағы уақытта музейге өткізуді жоспарлағанымен, нақты мерзімі мен қай музейге тапсырылатынын жариялаған жоқ.
Меруерт Өтекешова кім?
Меруерт Қаратайқызы Өтекешова – қазақтың белгілі театр және кино актрисасы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі. Ол 1951 жылы 25 ақпанда Орал қаласында дүниеге келген. 1968 жылы Алматыдағы №66 орта мектепті тәмамдаған.
Сол жылы әйгілі режиссер Сұлтан Қожықовтың "Қыз Жібек" фильміне басты рөлге шақырылып, көпшілікке кеңінен танылды.
1973 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік өнер институтын Хадиша Бөкееваның шеберханасында бітірді. Сол жылдан бастап Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында еңбек етті. Сахнада Қарагөз, Еңлік, Әлиман сынды күрделі кейіпкерлерді сомдады.
Актриса "Ағам менің", "Аждаһа жылы", "Ақ бақсы" және басқа да фильмдерге түскен.
Өнердегі еңбегі үшін 1982 жылы Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі атағын алып, кейін "Құрмет" және "Парасат" ордендерімен марапатталды.
Оның өмірлік жары – "Қыз Жібек" фильмінде Төлегеннің рөлін сомдаған белгілі актер, марқұм Құман Тастанбеков.