Қызылордада әкесі ұлын өлтіріп, 8 жылға сотталды

Қызылордада әкесі ұлын өлтіріп, 8 жылға сотталды
24.kz

Қызылорда облысының Арал ауданында әкесімен жанжалдасқан ұл қаза тапты. Адам өліміне әкеп соққан отбасылық жанжал биыл 4 шілдеде болған, деп хабарлайды ult.kz.

Облыстық прокуратураның мәліметінше, оқиға кезінде әкесі мен ұлы өз үйінде сөзге келіп қалған. Жанжал барысында әкесі ұлына пышақ жарақатын салып, оның жүрек тамырын зақымдаған. Алған жарақатынан жәбірленуші оқиға орнында көз жұмған.

Аталған дерек бойынша Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты істі қарап, ер адамды ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды. Сот үкімімен оған 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Әзірге сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Прокуратура тұрғындарды отбасылық жанжал мен зорлық-зомбылық фактілеріне бейжай қарамауға шақырды. Мұндай жағдайларға куә болған жағдайда құқық қорғау органдарына дер кезінде хабарлау қажеттігін ескертті.