Полиция старшинасы марихуана тұтынғаны үшін 173 мың теңге айыппұл арқалады

Полиция старшинасы марихуана тұтынғаны үшін 173 мың теңге айыппұл арқалады
polisia.kz

Оралда марихуана тұтынған полиция қызметкеріне 173 мың теңге айыппұл салынды. Медициналық куәландыру кезінде оның ағзасынан есірткі заттарының ізі анықталған. Кейін қызметкер кінәсін мойындаған, деп хабарлайды ult.kz.

Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, құқық бұзушылық Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің жеке құрам бойынша инспекциясы өткізген профилактикалық іс-шара барысында анықталған.

Айдауыл бөлімшесінде қызмет ететін полиция старшинасы тыйым салынған заттарды тұтыну дерегіне қатысты медициналық куәландырудан өткен. Тексеру нәтижесінде оның ағзасынан каннабиноидтар тобына жататын есірткі заттары анықталған.

«Медициналық куәландыру нәтижелері бойынша каннабиноидтар тобына жататын есірткі заттарын тұтыну дерегі анықталды. Әкімшілік іс материалдарында қызметкердің марихуана пайдаланғанын өз қолымен жазбаша түсініктемеде көрсетіп, кінәсін мойындағаны туралы мәлімет бар», – деп хабарлады сот.

Сонымен қатар полиция қызметкері қайта медициналық куәландырудан өтпеген.

Сот оны есірткі заттарын медициналық емес мақсатта тұтынғаны үшін кінәлі деп таныды. Іс-әрекеті Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 440-1-бабының 1-бөлігі бойынша сараланып, 173 мың теңге айыппұл салынды.

Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.