Алматының Наурызбай ауданында есірткінің ірі партиясын тасымалдады деген күдікпен 25 жастағы ер адам ұсталды. Оның көлігінен 1 келіден астам синтетикалық есірткіге ұқсас зат, ал үйінен тағы бір келіге жуық ұнтақ тәркіленген, деп хабарлайды ult.kz.
Алматы қаласының Полиция департаментінің мәліметінше, полиция қызметкерлері түнгі тексеру кезінде күдіктінің көлігінен скотчпен оралған 30 түйіншек салынған сөмкені тапқан. Түйіншектердің ішінен ақ түсті ұнтақ шыққан.
Күдіктінің үйін тінту барысында шамамен бір келі ұнтақ тәрізді зат және жалпы салмағы 50 грамға жуық өсімдік тектес зат салынған екі түйіншек тәркіленді. Полиция мәліметінше, мамандар соңғы заттың гашиш болуы мүмкін екенін болжаған.
Тергеу деректеріне сәйкес, 25 жастағы ер адам есірткі тарату желісінде курьер болған. Ол мессенджер арқылы жасырылған есірткі орындарының координаттарын алып, көрсетілген жерлерге заттарды жеткізгені үшін ақы алған.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.