188 млрд теңге айналған заңсыз казино: іске банк қызметкерлері де қатысқан

188 млрд теңге айналған заңсыз казино: іске банк қызметкерлері де қатысқан
ашық дереккөз

Астанада заңсыз интернет-казинолардың жұмысына жағдай жасаған бір топ адамға қатысты тергеу аяқталды, деп хабарлайды ult.kz.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, күдіктілердің қатарында банк саласының өкілдері де бар.

Заңсыз ойын бизнесі «Nomadgames», «Sultangames» интернет-сайттары және олардың көшірмелері арқылы жүргізілген. Ойыншылардан ақша қабылдау үшін төлем ұйымдары, банк эквайрингі, POS-терминалдар, интернет-терминалдар, электрондық әмияндар мен криптовалюта құралдарын қамтитын көпсатылы жүйе пайдаланылған.

Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарлауынша, банк саласының өкілдері заңсыз интернет-казиноларды төлем инфрақұрылымына қосып, тиісті тексерулер жүргізбей-ақ келісімшарттар жасаған. Сондай-ақ интернет-терминалдарға тиісті MCC-кодтар берілген.

Қаржы операцияларының нақты мақсатын жасыру үшін төлемдер заңды букмекерлік және өзге де кәсіпкерлік қызмет аясында жүргізілгендей көрсетілген.

Нәтижесінде электрондық терминалдар арқылы 188 млрд теңгеден астам қаражат айналымға түскен.

Тергеу материалдарына сәйкес, заңсыз ойын бизнесінің жұмыс істеуіне қаржы операцияларын жүргізетін инфрақұрылым да пайдаланылған. Қазіргі уақытта іс бойынша тергеу аяқталғаны хабарланды.