Атыраудағы қылмыс туралы айтқан хакер сот алдында жауап берді

Атыраудағы қылмыс туралы айтқан хакер сот алдында жауап берді
Фото: Нейрожелі арқылы жасалды

Әлеуметтік желіде «Хакер Атырау» деген атпен танылған Нұрлан Жаңбырбаевқа қатысты сот талқылауы жалғасып жатыр. Ол 12 адамға жалпы сомасы 13 миллион теңге көлемінде материалдық шығын келтірді деген айыппен сот алдында жауап беруде, деп хабарлайды ult.kz.

32 жастағы Нұрлан Жаңбырбаевқа алаяқтықтың 12 эпизоды бойынша айып тағылған. Тергеу мәліметінше, оның әрекетінен 12 азамат зардап шеккен.

Сот барысында айыпталушы жәбірленушілердің тоғызымен есеп айырысып, олардың қаражатын қайтарғанын айтты. Сондай-ақ қалған шамамен 4 миллион теңгені де өтеуге дайын екенін жеткізді.

Дегенмен ол өзіне тағылған айыпты толық мойындамай отыр. Жаңбырбаевтың сөзінше, ол азаматтардың ақшасын алаяқтық жолмен иемденбеген.

«Хакер Атырау» қалай танылды?

Нұрлан Жаңбырбаевтың есімі Атырау облысындағы Жангелдин ауылында бір отбасының төрт мүшесінің жоғалуына қатысты оқиғадан кейін көпшілікке кеңінен таныла бастады.

Ол әлеуметтік желідегі парақшасында аталған оқиғаға қатысты өз бетінше жинаған мәліметтерін жариялап, отбасы мүшелерінің жоғалуына байланысты оқиғалар тізбегін талдаған.

Кейін Жаңбырбаевтың өзіне қатысты қылмыстық іс қозғалды. 9 қаңтарда тергеу соты оны сырттай қамауға алуға санкция берді. Ал 19 ақпанда оның Түркияда ұсталып, Қазақстанға жеткізілгені белгілі болды.

Алайда мемлекеттік айыптаушы қазіргі сот процесінің Жангелдин ауылындағы оқиғаға еш қатысы жоқ екенін мәлімдеді.

Прокурор соттағы жағдайды түсіндірді

Мемлекеттік айыптаушы Абылайхан Әбужановтың айтуынша, Нұрлан Жаңбырбаевқа Қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша бірнеше рет алаяқтық жасады деген айып тағылған.

«Жәбірленушілерді жауаптау сатысындамыз. Қазір төрт жәбірленуші қалды», – деді прокурор.