Стамбұлда қаза тапқан қазақстандық қыз: тергеуде жаңа деректер пайда болды

Стамбұлда қаза тапқан қазақстандық қыз: тергеуде жаңа деректер пайда болды
DHA агенттігі

Стамбұлда ғимарат шатырынан құлап қаза тапқан 26 жастағы қазақстандық Айсұлу Бекмаханованың өліміне байланысты ұсталған екі адам сот бақылауымен босатылды. Алайда оларға Түркиядан шығуға тыйым салынды, деп хабарлайды ult.kz.

DHA агенттігінің мәліметінше, бұған дейін полиция марқұммен бірге тұрған 22 жастағы Ресей азаматы Дарья Б. мен оның сүйіктісі болуы мүмкін 35 жастағы Мазхар Т.-ны ұстаған. Жауап алынғаннан кейін екеуі де босатылған.

Бейнебақылау жазбаларынан Айсұлудың қаза болар алдында Мазхар Т.-ға барып, кейін үйіне оралғаны байқалады.

Дарья Б.-ның айтуынша, таңғы сағат 08:15 шамасында ол Айсұлуды шатырдың шетінде отырған жерінен көріп, төмен түсуін сұраған. Алайда кейін бөлмесіне кеткен. Біраз уақыттан соң оянып, Айсұлудың жоқ екенін байқаған. Кейін оны ғимараттың төменгі жағынан қимылсыз жатқан күйде көрген.

Алдын ала болжам бойынша, Айсұлу алтыншы қабаттағы балконнан көрші ғимараттың шатырына өтіп, шатырдың бір бөлігі сынған кезде төменге құлаған болуы мүмкін.

Қазақстандық қыз 25 қазанда Стамбұлдың Шишли ауданында қаза тапты. Қазір түрік полициясы оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.