Баклажан уылдырығы салынған бөтелкеден есірткі табылды: Ақтөбедегі түрмеге тыйым салынған зат өткізбек болған

Баклажан уылдырығы салынған бөтелкеден есірткі табылды: Ақтөбедегі түрмеге тыйым салынған зат өткізбек болған

Ақтөбе облысындағы №70 түзеу мекемесіне тыйым салынған зат өткізу әрекетінің жолы кесілді. Күдікті зат сотталғандардың біріне жеткізілген сәлемдемені тексеру кезінде анықталған, деп хабарлайды ult.kz.

Polisia.kz мәліметінше, Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №70 аралас қауіпсіздік мекемесінің қызметкерлері сәлемдемені тексеру барысында баклажан уылдырығы салынған пластикалық бөтелкенің ішінен есірткіге ұқсас зат тапқан.

Тексеру режимдік және жедел бөлім қызметкерлерінің департаменттің режим, қадағалау және күзет бөлімінің мамандарымен бірлесіп жүргізген жұмысы нәтижесінде жүзеге асқан. Табылған зат белгіленген тәртіппен тәркіленіп, оқиға орнына жедел-тергеу тобы шақырылған. Аталған дерек тіркелді.

Қазір бұл факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаменті түзеу мекемелеріне тыйым салынған заттарды өткізу заңнамаға сәйкес жауаптылыққа әкеп соғатынын ескертеді.