Тайландтан 17 келі есірткі әкелген 20 жастағы шетелдік 16 жылға сотталды

Тайландтан 17 келі есірткі әкелген 20 жастағы шетелдік 16 жылға сотталды
24.kz

Қазақстанға Тайландтан 17 келі есірткі әкелген 20 жастағы шетел азаматы 16 жылға сотталды. Тергеу барысында оның ел аумағында есірткіні заңсыз тарату арналарын пайдалануды жоспарлағаны анықталған, деп хабарлайды ult.kz.

Polisia.kz порталының хабарлауынша, шетелдік азамат жедел-іздестіру шаралары кезінде ұсталған. Одан 17 келі есірткі тәркіленген.

Тергеу мәліметіне сәйкес, күдікті Тайландтан жеткізген есірткі партиясын Қазақстанда заңсыз айналымға енгізуді көздеген. Сот оны кінәлі деп танып, 16 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Осыған байланысты полиция азаматтарды бейтаныс адамдардың өтінішімен белгісіз заттарды сақтаудан немесе тасымалдаудан сақ болуға шақырады.

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Фараби Елубаевтың айтуынша, ақшалай сыйақы ұсынылса да, бөгде адамдардан сәлемдеме, пакет немесе басқа да заттарды қабылдап, тасымалдауға келіспеу керек. Мұндай әрекет адамның қылмыстық іске қатысы бар тұлға ретінде жауапқа тартылуына әкелуі мүмкін.

Айта кетейік, жыл басынан бері Көліктегі полиция департаменті Астана мен Алматы әуежайларында есірткі контрабандасының 27 дерегін анықтап, жолын кескен. Заңсыз айналымнан бір реттік 180 мың дозаға жуық есірткіге тең келетін 98 келі зат тәркіленген.