Жамбыл облысының Сарысу ауданында коммуналдық кәсіпорын заң талаптарын бұзып, кәсіпкерлерге инженерлік желілерге қосылуға қажетті техникалық шарттарды үш жылдың орнына бір жылға ғана беріп келген. Соның салдарынан ірі инвестор мен тағы 26 кәсіпкер артық әуре-сарсаңға түскен, деп хабарлайды ult.kz.
Жамбыл облыстық прокуратурасының мәліметінше, заңбұзушылық табиғи монополия субъектілерінің қызметін тексеру кезінде анықталған. Техникалық шарттарды қысқа мерзімге рәсімдеген «Жаңатас-Су-Жылу» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны.
Осы жағдайға тап болғандардың бірі 2023 жылдан бері минералды тыңайтқыш өндіру жобасын жүзеге асырып келе жатқан «Еврохим» ЖШС. Инвестор су, жылу және кәріз жүйелеріне қосылуға арналған құжаттарын жыл сайын қайта рәсімдеуге мәжбүр болған.
Әр рәсімдеу жұмысы 15 күнтізбелік күнге дейін созылған. Прокуратураның бағалауынша, мұндай талап кәсіпкерлерге негізсіз әкімшілік кедергілер туғызып, олардың жұмысын қиындатқан.
Прокуратура араласқаннан кейін инвестор мен тағы 26 кәсіпкердің техникалық шарттары заң талаптарына сәйкес үш жыл мерзімге қайта рәсімделді. Заңбұзушылыққа жол берген лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.