Қазақстанның халық әртісі, танымал актриса Меруерт Өтекешова қазақтың бұлбұлы Бибігүл Төлегенова туралы естеліктерімен бөлісті. Өнер иесі өзін көпшіліктің әйгілі әншіге жиі ұқсататынын айтып, оған деген ерекше құрметін жеткізді, деп хабарлайды ult.kz.
Актриса "Qazaqstan" ұлттық арнасындағы "Таңшолпан" бағдарламасына қонақ болып, Бибігүл Төлегенованың өнердегі орны мен өмір жолына тоқталды.
Меруерт Өтекешованың айтуынша, ол мектеп қабырғасында жүрген кезінен-ақ әншінің ерекше дауысын сүйсіне тыңдаған. Радиодан шырқалған әндері әлі күнге дейін есінде сақталған.
"Мектепте оқитын кезімізде Бибігүл апайдың дауысын радиодан еститінбіз. Дауысы ешкімге ұқсамайды, сыңғыр-сыңғыр. Біраз жасқа келсе де дауысы бар, ел сыйлайды. Ол кісі жас кезінен қиыншылық көрді. Зауытта жұмыс істеген. Сол кезде бірнеше жылдан кейін ол кісінің осындай танымал әнші боларын ешкім білмеді", – деді актриса.
Өнер иесі Бибігүл Төлегенованың танымалдылыққа жету жолы оңай болмағанын атап өтті. Оның сөзінше, әнші еңбек жолын зауытта бастағанымен, ерекше дауысының арқасында өнер әлеміне жол ашқан.
Актриса әншінің табиғи дарыны кезінде мамандардың назарын аударып, консерваторияда білім алуына мүмкіндік туғанын да еске алды.
Сондай-ақ Меруерт Өтекешова көпшіліктің өзін Бибігүл Төлегеноваға ұқсататынын жасырмады.
"Мені көпшілік апамызға ұқсатып жатады. Бір жағынан оған қуанамын", – деді ол.
Актрисаның бұл сөзі оның әйгілі әншіге деген құрметін аңғартты.
Айта кетейік, Бибігүл Төлегенова – қазақ опера өнерінің көрнекті өкілі, КСРО халық әртісі. Ал Меруерт Өтекешова көрерменге "Қыз Жібек" фильміндегі басты рөлі арқылы кеңінен танылған.
Меруерт Өтекешова кім?
Меруерт Қаратайқызы Өтекешова – қазақтың белгілі театр және кино актрисасы, Қазақстанның халық әртісі. Ол 1951 жылы 25 ақпанда Орал қаласында дүниеге келген.
1968 жылы Алматыдағы №66 мектепті бітіріп, әйгілі "Қыз Жібек" фильмінің басты рөліне таңдалған. Осы туындыдағы Жібек бейнесі арқылы бүкіл қазақ халқына танылды. 1969–1973 жылдары Құрманғазы атындағы мемлекеттік өнер институтында КСРО халық әртісі Хадиша Бөкеевадан білім алған. 1973 жылдан бастап Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында еңбек етті.
Театр сахнасында "Ана – Жер-ана", "Қарагөз", "Еңлік – Кебек" және басқа да қойылымдарда басты рөлдерді сомдады.
1982 жылы Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі атағын алды.
Өнердегі еңбегі үшін 2008 жылы "Құрмет", 2017 жылы "Парасат" ордендерімен марапатталды.
Актриса марқұм актер Құман Тастанбековпен отбасын құрып, Жібек, Томирис және Фараби есімді үш бала тәрбиелеп өсірген.