Әнші Толқын Забированың үлкен ұлы Шахрияр Бабаев сүйіктісі Сара Шакетке үйленуге ұсыныс жасаған. Әлеуметтік желіде King Sarah есімімен танылған блогер қуанышты жаңалығын оқырмандарымен бөлісті, деп хабарлайды ult.kz.
Блогер сүйіктісі сыйлаған сақинаны көрсетті
Сара Шакет Instagram парақшасында Шахриярмен бірге түскен романтикалық суреттерін жариялады. Кадрлардан блогердің қолындағы сақинаны көруге болады. Осылайша, ол сүйіктісінің ұсынысын қабыл алғанын көпшілікке жеткізді.
Блогер жарияланымына ағылшын тілінде "You will always be the one that I choose" деп жазған. Қазақша мағынасы – "Мен әрқашан сені таңдаймын".
Сондай-ақ жазбада 2026 жылдың 18 қазаны көрсетіліп, сақина белгісі қойылған. Бұл жаңалықты көрген желі қолданушылары қос ғашықты құттықтап, бақыт тіледі.
Айта кетейік, Сара мен Шахриярдың қарым-қатынасы бұған дейін де жұрт назарында болған. Екеуі бірге сұхбат беріп, жеке өмірлері мен алдағы жоспарлары туралы әңгімелеген.
Әлеуметтік желіде King Sarah лақап атымен танылған Сара Шакет енді белгілі әнші Толқын Забированың келіні атанбақ.
Сара Шакет кім?
Сара Шакет – әлеуметтік желіде @kiingsarah есімімен танылған қазақстандық блогер әрі инфлюенсер. Ол 2002 жылы 14 ақпанда Алматы қаласында дүниеге келген. Қазір 24 жаста. Мектепті "Алтын белгімен" тәмамдап, UIB университетіне грантпен оқуға түскен. Алайда бірінші курстан кейін блогерлікпен кәсіби түрде айналысу үшін оқуын тоқтатқан.
Сара әлеуметтік желідегі қызметін 2017 жылы бастап, сән, сұлулық, саяхат және күнделікті өмірі туралы контент жариялау арқылы танылған. Алғашқы YouTube видеосы екі апта ішінде 100 мың қаралым жинаған. Блогер заңгерлер отбасында өскенін және ата-анасының шығармашылық жолын таңдауға қолдау білдіргенін айтқан.
Сондай-ақ ол KingDrink сусын брендінің негізін қалаушы ретінде белгілі.
Толқын Забирова кім?
Толқын Қалиқызы Забирова – қазақстандық эстрада және опера әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Ол 1970 жылы 17 қазанда бұрынғы Семей облысының Аягөз қаласында дүниеге келген.
Өнерге бала кезінен қызығып, алғашқы музыкалық білімін туған қаласында алған. 1979 жылы Ахмет Жұбанов атындағы республикалық музыка мектебіне оқуға түскен. Кейін Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияда әйгілі әнші Бибігүл Төлегенованың шәкірті болып, 1993 жылы оқуын үздік аяқтаған. 1993-1995 жылдары Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында әнші болып қызмет атқарған.
1996 жылы Калининградта өткен "Янтарный соловей" халықаралық байқауының лауреаты атанған. 2008 жылы оған "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" құрметті атағы берілген.
Ол өнертану ғылымдарының кандидаты, профессор ретінде шәкірт тәрбиелеумен де айналысады.
Әнші жолдасы Сафар Бабаевпен бірге Шахрияр, Диар және Санжар есімді үш ұл тәрбиелеп өсірген