"Қыз қартайды деп қысым жасамау керек": Айгүл Иманбаева қоғамдағы қалыптасқан түсінікті сынға алды

"Қыз қартайды деп қысым жасамау керек": Айгүл Иманбаева қоғамдағы қалыптасқан түсінікті сынға алды
Фото-коллаж: видеодан скриншот/ ЖИ арқылы өңделген

Танымал әнші әрі актриса Айгүл Иманбаева қыздардың тұрмысқа шығу жасына қатысты қоғамда қалыптасқан көзқарастар туралы пікір білдірді. Өнер иесі әрбір әйелдің отбасын құру мен ана атану мәселесінде өз таңдауын жасауға құқылы екенін айтты, деп хабарлайды ult.kz.

Әнші әлеуметтік желідегі парақшасында қыз балалардың белгілі бір жасқа келгенде міндетті түрде тұрмысқа шығуы керек деген түсінікпен келіспейтінін жеткізді. Оның пікірінше, қоғамның немесе айналасындағы адамдардың қысымы әйелдің жеке өміріне қатысты шешім қабылдауына әсер етпеуі тиіс.

Айгүл Иманбаева әсіресе бойжеткендердің жасына байланысты айтылатын орынсыз пікірлерге тоқталды. Ол қыз 18 жасқа толғаннан бастап тұрмысқа шығу мәселесі жиі қозғалып, 25 жасқа келгенде айналасындағылардың алаңдаушылығы күшейетінін атап өтті.

"Қыздың қашан тұрмысқа шығатынын, қашан ана атанатынын қоғамдағы жалпы пікір емес, қыздың өзі шешеді. Себебі біздің қоғамда бір қалыптасқан стереотип бар. Қыз он сегізге келсе: “Неге бұл күйеуге тимейді?” дейді. Жиырма беске келсе: “Ойбай, мына қызым қартайды, қашан теңін табады?” деп жатады", – деді өнер иесі.

Актриса мұндай пікірлердің қыздардың еркін таңдау жасауына кедергі келтіретінін айтып, ата-аналар мен қоғам өкілдерін қалыптасқан түсінікке басқаша қарауға шақырды.

"“Кәрісің” деген де бір стереотип бар. Ата-ана болсын, қоғамның пікірі болсын, менің жеке көзқарасым бойынша, бұл дұрыс емес", – деп түйіндеді әнші.

Айгүл Иманбаеваның жазбасы әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Пікір білдірушілердің бір бөлігі оның көзқарасын қолдап, қыз баланың алдымен білім алып, кәсіби және тұлғалық тұрғыдан дамуына мүмкіндік беру қажет екенін жазды.

"Дұрыс айтасыз! Қызымның жасы 24-те. Жан-жақтыларым “тұрмысқа бер” деп маза бермейді. Оқысын, тоқысын, әрі қарай дамысын!" – деп жазды желі қолданушыларының бірі.

Тағы бір оқырман қыздардың отбасын құруға асықпауы керектігін айтып, 25–28 жаста тұрмысқа шығуды қалыпты жағдай деп санайтынын жеткізген.

Осылайша, әншінің пікірі әлеуметтік желіде әйелдердің жеке таңдауы, некеге тұру жасы және қоғамның қыз балаларға қоятын талаптары туралы талқылауға ұласты.

Айгүл Иманбаева кім?

Айгүл Серікқұлқызы Иманбаева – қазақстандық танымал әнші, актриса, тележүргізуші және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Ол 1977 жылы 15 наурызда Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Кенен ауылында дүниеге келген.

Бала кезінен өнерге қызығушылық танытып, музыка мектебінде баян аспабын меңгерген. 1994 жылы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына түсіп, 1998 жылы оқуын аяқтаған.

Еңбек жолын Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрадалық-цирк колледжінде оқытушы болып бастаған. Кейін Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында актриса ретінде қызмет атқарған. 2001 жылы "Хабар" телеарнасындағы "Ұят болмасын" бағдарламасына қатысып, көпшілікке кеңінен танылды.

2004 жылы халықаралық "Азия дауысы" байқауының "Қазақ әндері" аталымында бас жүлдені жеңіп алды. 2006 жылы "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атанып, 2011 жылы Алматыда өзінің "А.И" театрын ашты. Ал 2015 жылы өнер саласына қосқан үлесі үшін "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" құрметті атағына ие болды.