Танымал актриса Дариға Бадықова әлеуметтік желіде жазба жариялап, өзгенің жеке өміріне араласып, тағдырына қатысты пікір айтатын адамдарға шүйлікті, деп хабарлайды ult.kz.
Өнер иесі Instagram парақшасында көпшіліктің әрекетіне қатысты ойын ашық жеткізді. Ол өз өміріндегі мәселелерді шешпей тұрып, өзгелерге ақыл айтып, олардың тағдырына төрелік ететіндерді сынға алды.
«Өз өмірлеріңді жөнге келтіре алмай жүріп, біреудің өміріне төрелік айтатын сендер кімсіңдер?! Құдайдың алдына барып, кімнің тағдыры қалай болатынын көріп келгендей сөйлейтіндеріңді қойыңдар!» – деп жазды актриса.
Дариға Бадықова жазбасының астында оқырмандарына да үн қатқан. Ол барша жұртты бірдей кінәламайтынын айтып, өзін қолдайтын аудиториясының бар екенін аңғартты.
«Көпке топырақ шашпаймын! Менің көп оқырмандарым сапалы. Арасында бар адасып келгендер!» – деді өнер иесі.
Актрисаның бұл жазбасы оның жеке өміріне қатысты айтылып жүрген пікірлерге жауап ретінде қабылдануы мүмкін. Алайда Дариға Бадықова нақты кімге немесе қандай жағдайға байланысты мұндай мәлімдеме жасағанын ашып айтпаған.
Айта кетейік, Дариға Бадықованың экс-күйеуі ақша туралы сөз қозғады.
Дариға Бадықова кім?
Дариға Бадықова – қазақстандық танымал театр және кино актрисасы, продюсер. Ол 1982 жылы 21 мамырда дүниеге келген. Өнер жолын театр сахнасынан бастап, кейін кино саласында кеңінен танылды.
Актриса «Келінжан» телехикаясындағы рөлі арқылы көрермен ықыласына бөленді. Сондай-ақ «Таптым-ау сені» романтикалық комедиясында басты рөлдердің бірін сомдап, фильмнің продюсері ретінде де еңбек етті.
Дариға Бадықова шығармашылығымен қатар, әлеуметтік желідегі ашық пікірлері және жеке өміріне қатысты жарияланымдары арқылы да көпшіліктің назарында жүр.