"Көптен күткен қуаныш": "Жігіттер" тобының әншісі шаңырақ көтерді

"Көптен күткен қуаныш": "Жігіттер" тобының әншісі шаңырақ көтерді
Фото-коллаж: видеодан скриншот/ ЖИ арқылы өңделген

Қазақстандық "Жігіттер" тобының мүшесі Мырзахан Маханов үйленді. Өнер иесінің өміріндегі қуанышты жаңалықты әріптесі Бағлан Әбдірайымов көпшілікпен бөлісті, деп хабарлайды ult.kz.

Бағлан Әбдірайымов әлеуметтік желідегі парақшасында Мырзахан Махановтың үйлену тойынан бейнежазба жариялап, жас жұбайларға ізгі тілегін жеткізді.

Тойдан тараған кадрлар әлеуметтік желі қолданушыларының да назарын аударды. Көпшілік әншінің шаңырақ көтергеніне қуанып, жаңа өмірге қадам басқан жұпқа бақыт пен береке тіледі.

Желіде өнер иесінің отбасылық өміріндегі маңызды оқиғаға қатысты жылы лебіздер айтылып жатыр.

Айта кетейік, Мырзахан Маханов – көпшілікке "Жігіттер" тобы арқылы танылған әнші. Ұжым қазақ эстрадасында өзіндік орнын қалыптастырып, көптеген танымал әндерді орындап келеді.

Мырзахан Маханов кім?

Мырзахан Маханов – қазақстандық әнші, көпшілікке "Жігіттер" квартетінің мүшесі ретінде танылған өнер иесі. Ол 1984 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында (қазіргі Түркістан облысы) дүниеге келген. Әнші 2007 жылы Еркін Нұржановтың орнына "Жігіттер" тобына қосылған. Содан бері ұжым құрамында өнер көрсетіп, қазақ эстрадасында өзіндік орнын қалыптастырды.

2025 жылы "Qazaqstan" телеарнасының "Бәрекелді" бағдарламасына берген сұхбатында Мырзахан балалық шағында көрген қиындықтарын еске алған. Оның айтуынша, әкесі ерте қайтыс болып, отбасының бар жауапкершілігі анасына жүктелген. Тұрмыстық қиындықтарға байланысты әнші жастайынан еңбек етіп, дәмханаларда ән айтып, табыс табуға мәжбүр болған.

Сондай-ақ ол бала кезінен ән өңдеуді үйреніп, музыкалық қабілетін дамытқан.

2017 жылы дауыс байламдарына зақым келуіне байланысты Ресейдің Санкт-Петербург қаласында ота жасатқан.

Өнердегі қиындықтарға қарамастан, Мырзахан Маханов "Жігіттер" квартетімен шығармашылық жолын жалғастырып келеді.