Бүгінде миллиондаған тыңдарманның сүйіспеншілігіне бөленген қазақстандық әншілердің өнерге келу тарихы әртүрлі. Бірінің талантын бала күнінде белгілі композитор байқаса, енді бірін тәжірибелі өнерпаз қанатының астына алған. Ал кейбір жұлдыздың сахнаға шығуына көпшілік біле бермейтін жандар ықпал еткен. Ult.kz танымал бес әншінің өнердегі ұстаздары кім екенін және олардың шығармашылық жолына қалай әсер еткенін зерттеп көрді.
1. Мейрамбек Беспаев пен Алтынбек Қоразбаев

Қазақ эстрадасының белгілі әншісі Мейрамбек Беспаевтың өнердегі ұстазы – композитор Алтынбек Қоразбаев. Екеуінің таныстығы Мейрамбектің бала кезінен басталған. Кішкентайынан әнге жақын болған Мейрамбектің талантын алғаш байқаған жандардың бірі – Алтынбек Қоразбаев. Композитор жас өнерпазды қанатының астына алып, үлкен сахнаға жол ашқан.
Мейрамбек Беспаев 2014 жылы "Таңшолпан" бағдарламасына берген сұхбатында ұстазының өміріндегі орнын ерекше атап өткен.
"Ұстазым Алтынбек Қоразбаевсыз менен ештеңе шықпас еді. Өнерде бағымның жанғаны да сол кісінің арқасы", – деген әнші.
Беспаевтың көпшілікке танылуына Алтынбек Қоразбаевтың "Бозторғай" әні ерекше ықпал етті. Кейін ұстаз бен шәкірт бірге гастрольге шығып, ел аралап концерт берген.
2. Димаш Құдайберген мен Марат Әйтімов

Әлемге танылған әнші Димаш Құдайбергеннің кәсіби қалыптасуына ықпал еткен ұстаздарының бірі – Марат Әйтімов.
Марат Әйтімов Димашқа Ахмет Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінде төрт жыл бойы вокалдан сабақ берген. Ұстаз шәкіртінің бала кезінен музыкаға ерекше қабілетті болғанын және оның жетістікке жетуіне еңбекқорлығы ықпал еткенін айтқан.
2019 жылы Stan.kz басылымына берген сұхбатында Марат Әйтімов танымал шәкірті туралы естеліктерімен бөлісті. Оның сөзінше, Димаш әлемдік деңгейге көтерілгеннен кейін де ұстазымен байланысын үзбеген.
Ал Димаштың өзі CNN телеарнасына берген сұхбатында вокалдық шеберлігін жетілдірудегі еңбегі туралы айтып, Марат Әйтімовке алғысын білдірген.
3. Кәмшат Жолдыбаева мен Тамара Асар

Әнші әрі актриса Кәмшат Жолдыбаеваның өнердегі алғашқы қадамына Тамара Асар қолдау көрсеткенін көпшілік біле бермеуі мүмкін.
Кәмшат бала кезінде Маңғыстау облысындағы Форт-Шевченко қаласында тұрған. Сол кезде өңірге концертпен келген Тамара Асармен танысады.
"Дастархан" бағдарламасында Кәмшат Жолдыбаева анасының Тамара Асарға қызының ән айтып, би билейтінін жеткізгенін еске алған. Тамара Асар да бұл кездесуді ұмытпаған. Оның айтуынша, Кәмшат бастапқыда көпшіліктің алдында ән айтуға ұялған. Кейін үнді тіліндегі әнді орындап, өнерпазды таңғалдырған.
Тамара Асар жас қыздың қабілетін байқап, оған сахналық киім тіктіріп, Ақтаудағы байқауға дайындаған. Нәтижесінде Кәмшат бас жүлдені жеңіп алған.
Кәмшат Жолдыбаева кейінгі сұхбаттарында Тамара Асарды өзін алғаш үлкен сахнаға шығарған ұстазы ретінде атап, алғысын білдірген.
4. Қайрат Нұртас пен Лаки Кесоглу

Қазақ эстрадасының танымал әншісі Қайрат Нұртастың өнердегі ұстаздарының бірі – Қазақстанның халық әртісі Лаки Кесоглу. Белгілі өнерпаз бұл туралы Ratel.kz басылымына берген сұхбатында өзі айтқан.
"Мәселен, Қайрат Нұртас – менің шәкіртім", – деген ол.
Сондай-ақ NTK телеарнасы Лаки Кесоглудың 80 жылдық мерейтойына арналған материалында Қайратты оның шәкірттерінің қатарында атаған. Осылайша, танымал әншінің кәсіби қалыптасуында Лаки Кесоглудың да ұстаздық үлесі болған.
Бұл ретте Қайраттың өнерге келуінде отбасының да орны ерекше. Алайда кәсіби білім алу кезеңінде тәжірибелі әншілердің тәлімі оның шығармашылық қалыптасуына ықпал еткен.
5. Роза Рымбаева мен Тасқын Оқапов

Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева өзінің шығармашылық жетістіктерін сөз еткенде марқұм жолдасы, музыкант әрі дирижер Тасқын Оқаповтың есімін ерекше құрметпен атайды.
Әнші 2021 жылы Orda.kz басылымына берген сұхбатында өнерге келуіне ең алдымен ата-анасының ықпал еткенін, ал кәсіби сахнадағы жолын қалыптастыруда Тасқын Оқаповтың еңбегі зор болғанын баяндаған.
Роза Рымбаева марқұм жолдасын шығармашылық жетекшісі, дирижері әрі ұстазы ретінде сипаттаған. Әншінің айтуынша, оның сахнадағы ірі жетістіктері Тасқын Оқаповтың қолдауымен тығыз байланысты.
Осылайша, Тасқын Оқапов Роза Рымбаеваның өмірлік серігі ғана емес, кәсіби қалыптасуына айрықша үлес қосқан өнердегі тәлімгері де болған.
Ұстазға құрмет – өнерге құрмет
Бүгінде бұл бес әнші қазақ өнерінде өзіндік орнын қалыптастырған. Олардың шығармашылық жолдары әртүрлі болғанымен, барлығына ортақ бір ерекшелік бар. Ол – өнердегі тәлімгерлерінің еңбегін бағалауы.
Бірі ұстазының қолдауымен алғаш үлкен сахнаға шықса, енді бірі кәсіби шеберлігін шыңдаған. Бұл оқиғалар көпшілікке танымал өнерпаздардың жетістігінің артында өз еңбектерімен қатар, оларға жол көрсеткен жандардың да үлесі бар екенін аңғартады.