Алтынбек Қоразбаев эфирде көзіне жас алды

Алтынбек Қоразбаев эфирде көзіне жас алды
Фото: Нейрожелі арқылы жасалды

Белгілі композитор Алтынбек Қоразбаев марқұм актер Асанәлі Әшімовпен арадағы сыйластығы туралы сыр шертіп, көзіне жас алды.  Сондай-ақ ол актерге арнап жазған «Жан балам» әнінің қалай дүниеге келгенін айтып берді, деп хабарлайды ult.kz.

Композитордың айтуынша, Асанәлі Әшімов екеуінің қарым-қатынасы әріптестікпен шектелмеген. Актер оны туған бауырындай жақын тартып, үнемі ерекше ықылас танытқан.

Алтынбек Қоразбаев осыдан 36 жыл бұрын болған қызықты оқиғаны да әңгімеледі. Сол уақытта композитор жаңадан көлік сатып алған екен. Жамбыл нөмірлі темір тұлпарын көрген Асанәлі Әшімов оны құттықтап, екеуі дастарқан басында әңгімелескен.

Алайда композитор ертеңіне ұшақпен жолға шығатынын айтқанда, актер күтпеген әрекет жасаған.

"Ертең ұшамын деп едім, билетімді жыртып тастады да: “Ертең машинамен барамыз”, – деді. Солай мені еркелететін", – деп еске алды Алтынбек Қоразбаев.

Композитор бұл оқиғаны Асанәлі Әшімовтің өзіне деген ағалық мейірімі мен жақындығының бір көрінісі ретінде баяндады.

Айта кетейік, Алтынбек Қоразбаев немересіне келін іздеп жүргенін айтты.

Алтынбек Қоразбаев кім?

Алтынбек Қоразбаев – қазақтың белгілі композиторы, әнші, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері. Ол қазақ эстрадасы мен дәстүрлі ән өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан өнер қайраткері.

Алтынбек Қоразбаев 1948 жылы 1 ақпанда Жамбыл облысының Меркі ауданында дүниеге келген. Ол әншілік және композиторлық шығармашылығымен халыққа кеңінен танылды.

Композитордың ел арасында кең тараған туындыларының қатарында «Қара кемпір», «Қара шал», «Аяулы Таразым», «Сағындым Алматымды», «Мәңгілік махаббат» және «Жан балам» әндері бар.

Оның шығармаларында туған жерге сүйіспеншілік, ата-анаға құрмет, махаббат, адам тағдыры мен ұлттық құндылықтар кеңінен көрініс табады.

Алтынбек Қоразбаев ұзақ жылдар бойы өнер саласында еңбек етіп, жас әншілерге қолдау көрсетіп келеді. Ол қазақ музыка өнеріндегі ең танымал композиторлардың бірі саналады.