Танымал актриса Дариға Бадықова мен актер Олжас Абай әлеуметтік желідегі парақшаларында жаңа шығармашылық жұмыстары туралы хабарлады. Өнер иелері бейбіт күнде ерлік көрсетіп, қаза тапқан қаһармандарға арналған әнді көпшілік назарына ұсынды, деп хабарлайды ult.kz.
Дариға Бадықова мен Олжас Абай «Абырой» тобымен бірлесіп орындаған «Өмір үшін» атты жаңа әнін жариялады. Өнер иелері туындының өмірін қатерге тігіп, өзгелерді құтқару жолында қаза тапқан батырлардың рухына арналғанын жеткізді.
Олар әлеуметтік желідегі жазбаларында әннің халық жүрегінен орын алып, ел рухын көтеретін туындыға айналғанын қалайтындарын білдірген.
"Бұл ән – бейбіт күннің батырларына, қаза тапқан қаһармандарымызға арналады. Халқымыздың рухын асқақтататын әнұранға айналса деген ниетіміз бар! Әнді тыңдап, өз бағаларыңызды беріңіздер!" – деп жазды өнер иелері.
Белгілі болғандай, «Өмір үшін» әні 19 қарашадан бастап еліміздің кинотеатрларында көрсетілуі жоспарланған «Соңыра» фильмінің саундтрегі ретінде жазылған.
Айта кетейік, Дариға Бадықова Олжастың суреттерін неге жиі жарияламайтынын айтты.
Олжас Абай кім?
Олжас Абай – қазақстандық актер, әнші және шығармашылық сала өкілі. Ол отандық кино жобаларына қатысуымен және актриса Дариға Бадықовамен бірлескен жұмыстарымен көпшілікке танылған.
Өнер иесі Дариға Бадықовамен бірге «Таптым-ау сені» романтикалық комедиясында ойнаған. Екеуінің экрандағы үйлесімділігі көрермендердің назарын аударды.
Олжас Абай актерлік қызметімен қатар музыка саласында да өнер көрсетеді. Атап айтқанда, Дариға Бадықова және «Абырой» тобымен бірлесіп, «Өмір үшін» әнін орындады. Бұл туынды 19 қарашадан бастап кинотеатрларда көрсетілуі жоспарланған «Соңыра» фильмінің саундтрегі ретінде ұсынылған.