"Лашын Құс" есімімен танылған Ақгүл Әсетқызы 2027 жылы Қазақстандағы бірқатар танымал тұлғаның шынайы болмысы әшкере болуы мүмкін екенін айтты. Өзін көріпкел ретінде таныстыратын ол журналист Жанар Байсемізге берген сұхбатында ел алдында жүрген адамдарға қатысты тосын болжамын жариялады, деп хабарлайды ult.kz.
Сұхбат барысында Ақгүл Әсетқызы алдағы жылы өзгелерге қиянат жасаған адамдардың әрекеті өздеріне кері әсер етуі мүмкін екенін мәлімдеді. Оның сөзінше, әсіресе дуа жасаумен және жасатумен айналысатындар үшін 2027 жыл оңай болмауы ықтимал.
"2027 жылы дуа жасаушы болсын, дуа жасатушылар болсын, нағыз қарымтасы, қайтарымы қайтатын кез келе жатыр. Сол үшін абай болыңыздар. Неге? Себебі карма қайтатын кез", – деді ол.
"Көп адамның бетпердесі шешіледі"
Ақгүл Әсетқызының мәлімдеуінше, алдағы жылы халық арасында беделі жоғары, көпшіліктің сеніміне ие болған белгілі адамдарға қатысты күтпеген ақпараттар жариялануы мүмкін. Ол Қазақстандағы танымал тұлғалардың бірінің дуа жасатуға қатысы бар деген болжамын да ортаға салды. Алайда нақты есімін атаған жоқ.
Журналист Жанар Байсеміз одан сөз болып отырған адамның билікке қатысы бар-жоғын сұрады.
"Барлық нәрсеге қатысы бар", – деп қысқа жауап қайырды Ақгүл Әсетқызы.
Өзін көріпкел ретінде таныстыратын әйел бұл адамның кім екенін ашып айтудан бас тартты. Ол мұндай мәлімдеменің сот дауына ұласуы мүмкін екенін алға тартқан.
Сонымен қатар Ақгүл Әсетқызы қоғам алдында халықтың қамын ойлайтын тұлға ретінде көрінетін кейбір адамдардың жасырын әрекеттері белгілі болады деп болжады.
"Бірақ 2027 жылы "Біз елге көмектесеміз", "Халқым менің", "Ел үшін" деп жүрген көп адамның бетпердесі сыпырылып шешіледі", – деді ол.
"Әрқайсысының жеке көріпкелі бар"
Сұхбат барысында Ақгүл Әсетқызы елге танымал адамдардың арасында тылсым күшке сеніп, көріпкелдердің көмегіне жүгінетіндер бар екенін де айтты.
"Білесіз бе, сіз таңғаласыз қазір. Қазір көп ел алдында жылтырап жүрген адамдардың әрқайсысында жеке көріпкелі, жеке энергия тартушы, энергия жаратушы адамдары бар", – деді ол.
Алайда Ақгүл Әсетқызы сөз еткен адамдардың кім екеніне қатысты нақты мәлімет немесе оның болжамдарын растайтын дәлел ұсынбады.
Айта кетейік, бұл пікірлер ғылыми негізделген болжам немесе дәлелденген дерек емес, сұхбат қонағының жеке пайымы ретінде қарастырылуы тиіс.
Бұған дейін де "Лашын Құс" Каспийде қаза тапқан сарбаздарға қатысты мәлімдеме жасаған. Ол қайғылы оқиғаны алдын ала болжағанын және марқұмдармен тылсым байланыс орнатқанын айтқан. Алайда бұл сөздерді растайтын тәуелсіз дәлелдер келтірілмеген.