Қазақстанның бірқатар өңірінде тұман, үсік және шаңды дауыл күтіледі

Қазақстанның бірқатар өңірінде тұман, үсік және шаңды дауыл күтіледі
Фото: Нейрожелі арқылы жасалды

27 қазанда Қазақстанның бірқатар өңірінде қолайсыз метеорологиялық құбылыстар болжанады, деп хабарлайды ult.kz.

Кей жерлерде тұман түсіп, үсік жүреді, жел күшейіп, шаңды дауыл соғуы мүмкін. Сонымен қатар бірнеше облыста жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.

Павлодар облысының батысы мен оңтүстігінде аздаған жаңбыр мен қар жауып, көктайғақ болуы ықтимал. Облыстың батысында, солтүстігінде және орталығында, сондай-ақ Павлодар қаласында тұман күтіледі.

Алматы облысының таулы аудандарында солтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні секундына 15-20 метрге жетеді. Түнде облыс бойынша 1-6 градус үсік жүреді. Алматы қаласында ауа температурасы түнде 1-3 градусқа дейін, Қонаев қаласында 2-4 градусқа дейін төмендейді. Өңірдің батысында, оңтүстігінде және шығысында жоғары өрт қаупі болжанады.

Жетісу облысының таулы аудандарында түнде және таңертең тұман түседі. Алакөл көлдері ауданында желдің екпіні секундына 15-20 метрге, кей уақыттарда 23-28 метрге дейін жетуі мүмкін. Түнде облыс бойынша 2-7 градус, орталығында 11 градус үсік күтіледі. Өңірдің шығысында төтенше, оңтүстігінде жоғары өрт қаупі сақталады.

Қызылорда облысының шығысы мен орталығында күндіз шаңды дауыл соғуы мүмкін. Солтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні секундына 15-20 метрге жетеді. Түнде облыстың солтүстігі мен орталығында 3 градус үсік күтіледі. Өңірде төтенше, солтүстігінде жоғары өрт қаупі сақталады. Қызылорда қаласында да күндіз шаңды дауыл соғып, желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін күшеюі ықтимал.

Түркістан облысының таулы және тау бөктеріндегі аудандарында солтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні секундына 15-20 метрге жетеді. Түнде облыстың солтүстігі мен батысында 3 градус үсік күтіледі. Өңірдің солтүстігінде, батысында, орталығында және тау бөктеріндегі аудандарында, сондай-ақ Шымкент пен Түркістан қалаларында жоғары өрт қаупі сақталады.

Жамбыл облысының таулы аудандарында тұман түсіп, желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін күшейеді. Түнде облыс бойынша 3-8 градус үсік болжанады. Тараз қаласында ауа температурасы 5-7 градусқа дейін төмендеуі мүмкін. Облыстың солтүстігінде, оңтүстігінде және шығысында жоғары өрт қаупі сақталады.

Маңғыстау облысының орталығында шығыстан соққан желдің екпіні секундына 15-20 метрге жетеді. Облыс бойынша жоғары, орталығында төтенше өрт қаупі сақталады. Ақтау қаласында да жоғары өрт қаупі бар.

Ақтөбе облысының солтүстігінде түнде және таңертең тұман күтіледі. Өңірдің шығысында жоғары, ал батысында, оңтүстігінде және орталығында төтенше өрт қаупі сақталады. Батыс Қазақстан облысының солтүстік-батысында, батысында, оңтүстігінде және шығысында жоғары өрт қаупі болжанады.

Атырау облысында, оның ішінде Атырау қаласында төтенше өрт қаупі сақталады.

Солтүстік Қазақстан облысының батысында, солтүстігінде және оңтүстігінде тұман күтіледі. Петропавл қаласында түнде және таңертең тұман түсуі мүмкін. Қостанай облысының солтүстігі мен шығысында да түнде және таңертең тұман болжанады. Облыстың оңтүстігінде жоғары өрт қаупі сақталады.

Ақмола облысының солтүстігінде, шығысында және оңтүстігінде түнде және таңертең тұман түседі. Астана қаласында да осы уақыт аралығында тұман күтіледі.

Қарағанды облысының солтүстігі мен шығысында түнде және таңертең тұман болжанады. Облыстың батысында төтенше өрт қаупі сақталады. Ұлытау облысының батысы мен орталығында, сондай-ақ Жезқазған қаласында төтенше өрт қаупі күтіледі.