Жасөспірім көлікпен трансформаторды қиратты: Теңге ауылы жарықсыз қалды

Жасөспірім көлікпен трансформаторды қиратты: Теңге ауылы жарықсыз қалды
ашық дереккөз

Маңғыстау облысында ата-анасының рұқсатынсыз көлікке отырған жасөспірім трансформаторға соғылып, тұтас ауылды жарықсыз қалдырды. Оқиғадан кейін оның анасы тұрғындардан кешірім сұрады, деп хабарлайды ult.kz.

Lada.kz мәліметінше, Маңғыстау облысының Теңге ауылында жасөспірім ата-анасына тиесілі Toyota 4Runner көлігін рұқсатсыз айдап шығып, трансформаторға соғылған. Салдарынан электр жабдығы зақымданып, ауылда жарық өшті. 

Жаңаөзен қалалық полиция басқармасының мәліметінше, оқиға 23 қазан күні кешке болған.

Оқиғадан кейін жасөспірімнің анасы ауыл тұрғындарынан кешірім сұрап, баласының көлікті рұқсатсыз алып кеткенін мойындады.

«Кәмелетке толмаған ұлым көлікті рұқсатсыз алып кетіп, трансформаторға соғылды. Қолайсыздық туғызғанымыз үшін баршаңыздан шын жүректен кешірім сұраймын», – деді ол.

Полиция ата-аналарға балалардың көлікті өз бетінше басқаруына жол бермеуді ескертті. Сондай-ақ көлік кілттерін кәмелетке толмағандардың қолы жетпейтін жерде сақтау қажеттігін атап өтті.

Ведомство өкілдері ата-аналарды сақтыққа шақырып, бір сәттік жауапсыздықтың өзі елеулі зардаптарға әкелуі мүмкін екенін еске салды.