"Отбасымнан айырылдым": Танымал әнші өміріндегі ауыр кезең туралы айтты

"Отбасымнан айырылдым": Танымал әнші өміріндегі ауыр кезең туралы айтты
Фото-коллаж: видеодан скриншот/ ЖИ арқылы өңделген

"Қазақстан дауысы" жобасының алғашқы маусымында жеңіске жеткен әнші Шахаризат Сейдахмет ұзақ жылдар бойы құмар ойынға тәуелді болғанын мойындады. Өнер иесі "Köremiz show" бағдарламасында осы әдетінің кесірінен отбасынан айырылып, кейін оңалту орталығында ем қабылдағанын айтты, деп хабарлайды ult.kz.

Әншінің сөзінше, ол 10 жыл бойы құмар ойыннан арыла алмаған. Уақыт өте келе тәуелділік жеке өміріне кері әсер етіп, отбасындағы қарым-қатынастың бұзылуына әкелген.

Шахаризат Сейдахмет 2025 жылдың 17 наурызында жұбайымен ресми түрде ажырасқанын жеткізді. Оның айтуынша, әйелі ұзақ уақыт бойы бұл жағдайға төзіп келгенімен, ақырында нақты таңдау жасауды талап еткен.

"Әйелім шаршады, өзінің шекарасын қойды. “Не мені, отбасыңды таңда, не өз нәпсіңді таңда” деді. Мен ауырып жүрген адаммын, нәпсімді таңдадым ғой, әрине. Тәкаппарлығым жібермеді. Бірдеңені дәлелдеу керек деген сияқты", – деді әнші.

Өнер иесі тәуелділіктің қаншалықты қауіпті екенін уақыт өте келе түсінген. Ол өзінің жағдайын алғаш рет анасына ашық айтып, жақындарының қолдауына сүйенген.

Нәтижесінде 2025 жылдың 29 тамызында өз еркімен оңалту орталығына барып, арнайы ем қабылдауға шешім қабылдаған.

"Мен 10 жыл құмар ойында болдым. Тәуелді адамның өтетін төрт кезеңінен де өттім. Біріншісі – танысу, одан кейін дос болдым, кейін құлына айналдым", – деп өткенін еске алды Шахаризат Сейдахмет.

Әнші сұхбат барысында құмар ойынға әуестіктің біртіндеп тәуелділікке айналғанын және одан шығу үшін кәсіби көмекке жүгінуге тура келгенін баяндады.

Оңалту курсынан өткеннен кейін ол өмірін қайта қалыпқа келтіруге кіріскен. Бағдарлама жүргізушісі әншіден бұрынғы жұбайымен қайта табысқан-табыспағанын сұрады.

"Иә. Қазір отбасым қасымда. Балаларым қасымда", – деп жауап берді өнер иесі.

Осылайша Шахаризат Сейдахмет басынан өткерген қиындықтарын жасырмай, тәуелділік салдарынан отбасынан айырылғанын, алайда кейін жақындарымен қайта қауышқанын көпшілікке жеткізді.

Шахаризат Сейдахмет кім?

Шахаризат Сейдахмет – қазақстандық әнші, "Қазақстан дауысы" музыкалық жобасының алғашқы маусымының жеңімпазы.

Ол 1986 жылы 12 қарашада Қостанай облысы Амангелді ауданына қарасты Үрпек ауылында дүниеге келген. 2004 жылы Жаңаорда эстетикалық бағыттағы орта мектебін тәмамдаған.

2008 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің дәстүрлі музыка өнері факультетіндегі халық әні мамандығы бойынша білім алған.

Өнер жолын Астана қаласында түрлі мерекелік шараларда ән айтып, асабалық қызмет атқарудан бастаған. 2013 жылы "Қазақстан дауысы" жобасына қатысып, әнші Нұрлан Албанның жетекшілігімен өнер көрсетті. 2014 жылдың қаңтарында көрермендердің дауыс беру нәтижесінде байқау жеңімпазы атанып, 5 миллион теңге көлемінде сыйақы мен Universal дыбыс жазу компаниясымен келісімшарт жасау мүмкіндігіне ие болды.

Ол байқау барысында қазақтың дәстүрлі әндерін орындап, финалда "Саған, халқым" халық әнін шырқады.

2014 жылы "Мақпалжан" әніне алғашқы бейнебаянын түсіріп, шығармашылық жолын жалғастырды. Кейін "Биле, биле" әніне де бейнебаян түсіріп, дәстүрлі ән мен заманауи музыканы ұштастыруға ден қойды.