"Бір ана баласын, енді бірі суретін құшақтап отыр": Аман қалған сарбаздың анасы жазба жариялады

"Бір ана баласын, енді бірі суретін құшақтап отыр": Аман қалған сарбаздың анасы жазба жариялады
Фото-коллаж: видеодан скриншот/ ЖИ арқылы өңделген

Каспий теңізіндегі қайғылы оқиғадан аман қалған сарбаз Ақжол Темірханның анасы Самал Кеуелова трагедияға бір ай толуына байланысты әлеуметтік желіде әсерлі жазба жариялады, деп хабарлайды ult.kz.

Самал Кеуелова жазбасында осы уақыт ішінде жақындарынан айырылған отбасылардың қайғысы басылмағанын айтып, баласын күтіп отырған ата-аналардың ауыр жағдайына тоқталды.

Оның сөзінше, бір ай кейбір адамдар үшін күнтізбедегі уақыт өлшемі ғана болса, қара жамылған отбасылар үшін әр күні сағыныш пен мұңға толы кезеңге айналған.

"Бір ай – ата-аналар балаларынан айырылды. Бір ай – баласын енді ешқашан құшағына баса алмайтынын жүрегі қабылдай алмай жүрген ата-аналар. Бір ай – ұлының әскерден оралмайтынын түсінуге мәжбүр болған аналар. Бір ай – орындалмай қалған армандар. Бір ай – қиранған үміттер. Бір ай – қара жамылған отбасылар. Бір ай – баласының есіктен кіріп келуін әлі де күтетін жүректер…", – деп жазды ол.

Сарбаздың анасы қайғылы жағдайдың талай отбасының өмірін өзгерткенін жеткізді. Сондай-ақ ұлы Ақжолдың аман қалғанына шүкіршілік ете отырып, қаза тапқан сарбаздардың ата-аналарына көңіл айтты.

"Бір ай өтті. Бірақ жүректегі жараға уақыттың өзі де ем бола алмай тұрғандай. Біреулердің баласы үйіне оралды… Біреулердің баласы мәңгілікке сағынышқа айналды… Бір үйде қуаныш, бір үйде үнсіздік… Бір ана баласын құшақтап отыр, енді бір ана баласының суретін құшақтап отыр…", – деді Самал Кеуелова.

Ол жазбасында Ақжолдың аман қалуы отбасына үлкен медеу болғанын атап өтіп, қайғылы оқиғамен байланысты Азамат пен 13 сарбазды да еске алды.

"Біреудің амандығына шүкір етіп, біреудің жоқтығына жүрек сыздайды. Біреудің оралғанына қуанып, біреудің мәңгілікке оралмайтынына сенгісі келмейді. Бір ай бұрын басталған бұл қасіретті ешкім ұмытқан жоқ… Ұмыту мүмкін де емес…", – деп жазды ол.

Жазбасының соңында Самал Кеуелова өмірден өткен сарбаздардың рухына дұға бағыштап, олардың жақындарына сабыр тіледі.

"Алла тағала перзентінен айырылған ата-аналарға сабыр берсін… Жатқан жерлері жайлы, топырақтары торқа болсын, асыл балалар… Армандары өздерімен бірге үзілген боздақтардың рухы шат болсын. Бір ай. Бірақ жүректер үшін бұл – кеше ғана болған қайғы", – деп түйіндеді сарбаздың анасы.