Қызылордада 14 жастағы жасөспірім кісі қолынан қаза тапты

Қызылордада 14 жастағы жасөспірім кісі қолынан қаза тапты
Фото: әлеуметтік желі

Қызылордада 14 жастағы Нұрисламбек қайғылы жағдайда қаза тапты. Жасөспірімнің кеудесіне бұрауыш сұғылып, алған жарақатынан көз жұмған. Оқиғаға 13 жастағы жасөспірім күдікті, деп хабарлайды ult.kz.

Қайғылы оқиға 21 қазанда Қызылорданың орталық алаңында болған. Марқұм Нұрисламбек сол жерде балаларға арналған ойыншық көліктерді жалға беріп жұмыс істеген.

Туыстарының айтуынша, екі жасөспірім арасында клиентке байланысты жанжал туындаған болуы мүмкін. Жанжал кезінде күдікті Нұрисламбектің кеудесіне бұрауыш сұққан. Салдарынан бала өміріне қауіпті ауыр жарақат алған.

Оқиға болған сәтте Нұрисламбектің анасы да алаңда жүрген. Жарақат алған жасөспірім анасына қарай бірнеше метр жүріп барып, жерге құлаған. Өкінішке қарай, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған.

Бұған дейін полиция күдіктінің ұсталғанын хабарлаған. Оқиғаға байланысты «Кәмелетке толмаған адамның денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіріп, абайсызда өліміне әкеп соғу» дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған.