Танымал қазақстандық заңгер көз жұмды

Танымал қазақстандық заңгер көз жұмды
Фото: Нейрожелі арқылы жасалды

Әлеуметтік желіде өмірден өткен досына арналған көңіл айту жазбасы жарияланды. Жазбаны Нұрсұлтан Орынбек айтты, деп хабарлайды ult.kz.

Оның айтуынша, Ғабит Өмірбек екеуі 11 қазанда бірге жолға шыға алмаған. Досы 16 қазанда артынан жететінін айтқан екен.

“Ғабеке… Дос… Әріптес… Жақсы адам… Бұл соңғы аудиоң екенін білмедім… 11 қазанға умраға бірге бара алмадық. 16-сы күні артыңнан жетемін деп едің… Елді ойлаған жүрегің осылай жас шағыңда жалындап тұрып өшіп қалатынын кім білген. Жаның жәннатта болсын”, – делінген жазбада.

Автор марқұмды елдің қамын ойлаған азамат, жақсы дос әрі әріптес ретінде еске алып, қимастық сезімін білдірді.

Ғабит Өмірбек кім? 

Ғабит Өмірбек –  азаматтардың құқығын қорғауымен танылған қазақстандық заңгер. Ол «Lawyer 888» заңгерлік компаниясын басқарған. Қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істермен, сондай-ақ отбасылық және банк дауларымен айналысқан.

Заңгер қоғам назарын аударған істерде жәбірленушілерге құқықтық көмек көрсеткен. Соның ішінде Отардағы әскери бөлімде соққыға жығылып, жақ сүйегі сынған сарбаз Есбол Қапардың мүддесін қорғаған. Ол әскери қызметшілердің қауіпсіздігі мен олардың құқықтарының сақталуы мәселесін көтерген.

Ғабит Өмірбек бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде халыққа заң талаптарын түсіндіріп жүрген. Несие, банкпен арадағы дау және алаяқтықтан қорғану мәселелері бойынша кеңес берген.

Оның өмірден өткені туралы журналист Ирина Советжан хабарлаған. Журналист марқұмның өз сюжеттеріндегі көптеген кейіпкерге тегін заңгерлік көмек көрсеткенін айтып, оны жанашыр азамат ретінде еске алды.